Баталов Ұйғыр ауданының атын өзгертуге уәде берді

Алматы облысының Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге облыс әкімі Амандық Баталов білек сыбана кіріспек. Ауданда болған оқиғаға орай арнайы келіп, тұрғындармен жиналыс өткізген өңір басшысы көпшілік алдында осылай деп сөз берді.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша, 16 маусымға қараған түні екі көлік Шонжыдан келе жатып, бір-біріне жол бермей,  түсінбеушілік туындап,  арты төбелеске ұласқан. Бұл – жастар арасындағы бұзақылық. Олардың бәрі 1999-2000 жылы туған жігіттер. «Облыс әкімінің орынбасары оқиға орнына бірінші барды. Ізінше облыс әкімі Амандық Баталов та жетіп, аудандық әкімдікте жиналыс өткізді. Оған ауыл ақсақалдары,  ел ағалары және жастар жиналып, мәселені талқыға салды. Көп көтерілген мәселе – Ұйғыр ауданының атын ауыстыру. Сондай-ақ, жиында жастар арасына іріткі салып жүрген үшінші топтың бар екені айтылды. Сол бойынша құзырлы органдар тиісті тексеру жүргізуде», — дейді Ғалимұрат Жүкел.