Билік үнемдеуді өзінен бастауы керек

Үкіметке өзін-өзі жұмыспен қамтыған топ пен екі қолға бір күрек таба алмай жүрген топтың арасында ауаға ілініп тұрған топтың статусын анықтауға 27 жыл кетіпті:  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау 1 миллион 385 мың адамның статусын анықтады. Ресми билік  бұл жаңалықты   2020 жылы Жалпылама декларацияны заңдастыруға дайындықтың басы деп отыр. Болашақта цифрландырудың нәтижесінде кімнің қорасында қанша мал бары  бір сәтте–ақ анықталады екен.  Ал ештеңесі жоқ – кедейліктің ең төменгі сатысында тұрған адамдарды қорғау мен материалдық қолдауда    экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердегі тәжірибе қолданады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйеніп, сандарды сөйлетсек. 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны екі млн-нан асыпты. Нақтырақ айтсақ, 2 099 222 адам. Оның 1 881 484-і нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар.

Жеті ай ішінде жүргізілген шаралар нәтижесінде 1 миллион 385 мың адам заңдастырылыпты.Бұл іске білек сыбана кіріскен құзырлы орындар мәртебесі анықталмаған қазақстандықтардың 15 пайызы Түркістан облысында, 15 пайызы Алматы қаласында тұратынын анықтап үлгіріпті.  Экс –депутат Айгүл Соловьева бізге бұл мәселені шешуге кіріспестен бұрын,  еңбек нарығымыздың  ешбір елге ұқсамайтын ерекшелігін зерттеп алуымыз керек екенін  айтады. Себебі оның тек қана 27 пайызы ғана шағын және орта бизнес өкілдері болса, өзгесі мемлекеттік қызметкерлер мен ірі компания, холдинг қызметкерлер екен. Мұның өзі нарық заңдылығына мүлдем қайшы көрінеді. Бизнесті  ІЖӨ-нің  индикаторына айналдырып отырған елдерде бұл көрсеткіш, кемінде 55-60 пайызға жетіп жығылады. Салыстыра кету үшін айтсақ Жапонияда еңбек нарығындағы бизнес субьектілерінің үлесі 45 пайыз.

«Мемлекет алдымен бұл көрсеткішті 35 пайызға жеткізіп алуы тиіс. Ол үшін, мәртебесі анықталмаған топты бизнес  субьектісі деңгейіне жеткеру үшін оған салық салмай, субсидия беру керек. Олар сол кезде ғана көлеңкеден шығып, жариялы жағдайда жұмыс істейді », – дейді Айгүл  Соловьева.

«Ракурс» сараптамалық орталығының директоры Ораз Жандосов статусы белгісіз топты анықтауымыз  үшін алдымен жұмыссыздардың   санын анықтап алу қажеттігін айтады.  Үкіметтің жұмыссыздар немесе мәртебесі анықталмаған топ» деген   санатқа кіргендер ЖОО түлектерімен жыл сайын жаңартылып тұрады. Егер, олардың бәрін   тіркесе статистиканы бұзып жібереді.. Үкіметтің есебіне ЖОО –да білім алып, жұмыс таба алмай жүргендер немесе ең төменгі жалақы алып жүрген жастар кірмей қалған. «Оларға қандай статус беретініміздің өзі белгісіз. Бізде жұмыссыздар армиясында тек оныншы немесе он бесінші адам ғана жұмыссыз ретінде тіркеледі. Себебі оларға берілетін жәрдемақы мардымсыз. 20-30 мың теңге жәрдемақы алып, әкімдіктің қара жұмысына жегіліп жүргеннен, көлеңкеге кетіп, табыс тапқанды дұрыс деп санайды»

– дейді Ораз Жандосов.

Сарапшылар осы тұста өзін –өзі жұмыспен қамтыған топтың бәрін бірдей  жаңа мәртебесін анықтап, тіркелудің тетіктері ескерусіз қалғанын айтады. Үкіметтің     нәтижелі жұмыспен қамтылған топ деп үкілеп отырғандардың мәртебесі қандай көрсеткіш бойынша нәтижелі болып отырғанын түсіндіріп бере алмаған. Оларды қандай жолмен анықтайтынын әлі айтқан жоқ.

«Жұмыспен қамту мәселесінің ауқымы кең. Үкіметтің мұны аяғына дейін жеткеруіне құлқы да, біліктілігі де жетпейді. Сондықтан, барынша сақтық керек», – дейді   Досым Сәтпаев.

Осы тұста, Досым Сәтпаев біздің елде, араға жыл жыл салып басқа басымдықтардың пайда бола бастағанын айтты. Осыған дейін адамның өмір сүруі үшін жанталасып, тал қармау қажеттігі және аз табысымен мемлекетпен бөлісу  аз айтылып келді. Сонау, 2000  жылдардың алғашқы жартысында  Наталья Коржованың қорасында бір қарасы барларды да өзін –өзін жұмыспен қамтамасыз етуді ұсынған бастамасының жаңғырығы бүгінге дейін жететінін, үкіметтің оны қолайлы сәтте пайдаланатынын ешкім болжап білмеген.

Досым Сәтпаев қаржы көздерін іздестіру нарық талабы екенін айтады. Егер, осы тұрғыда келер болсақ, үкіметтің  талабы дұрыс. Бірақ табысы кедейлік шегінен сәл ғана жоғары тұрған отандастарымызбен мәмілеге келместен бұрын, билік үнемдеуді өзінен бастауы керек. «Осы кезге дейін «халықаралық форумдарды өткеруді тоқтатайық» деген пікірді мемлекет басында жүрген тұлғадар да айтты. Еліміздің сыртқы имиджі үшін жұмсалатын шығын көлемі құпия. Қаржы көзін іздестіру   мемлекеттік аппаратты қажеттілікке қарай үлестіру,  компания басшылары үшін берілетін сыйақыны қысқартудан басталу керек. Шығындарды мемлекеттік деңгейде үнемдеу қажет болса, қай жер жерден үнемделу керек екенін   кез-келген аудит есептеп, анықтап бере алады. Үнемделу мен қосымша қаржы көзін іздестіру жоғарыдан басталса ғана жалпыға бірдей міндетке айналады. Халық міндеттілік деп қабылдайды», – дейді Досым Сәтпаев.

Рауан Ілиясов.