Біртановтың адвокаты мәлімдеме жасады

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтарға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді. Мұны оның адвокаты Дмитрий Куряченко жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz.

– Мен қорғауға алған Елжан Біртанов бүкіл Қазақстандағы әріптестеріне және қоғам қайраткерлеріне, блогерлерге, журналистерге және осы қиын жағдайда оған қолдау білдіргендердің барлығына шын жүректен алғыс айтады, – деді ол.

– Бұрынғы министр үшін қазақстандықтардың қолдап жатқанын білу маңызды болды. Бұл – ол үшін үлкен мәртебе, – деді адвокат.

3 қарашада Қаржы мониторингі комитеті Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынды.

Осыдан кейін Қазақстан дәрігерлері оны үй қамағына босату туралы ұжымдық хат жазды. Тіпті оны қолдауға арналған петиция басталды. Іле-шала Нұр-Сұлтан сотына белгілі дәрігерлер мен депутаттардан кепілдік хат келіп түсті. Нәтижесінде Біртанов 7 қарашада үй қамағына босатылды.