Біржан Нұрымбетов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовті елдің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі етіп тағайындады. Тоқаевтың жарлығы 20 тамызда Ақорда сайтында жарияланды.

51 жастағы Нұрымбетов бұл қызметке тағайындалғанға дейін Кәсіподақтар федерациясы жетекшісінің бірінші орынбасары болған. Оған дейін ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған.

Осыған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Бердібек Сапарбаев 20 тамызда премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған.

Қазақстанда соңғы үш жылда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі үшінші рет ауысты. 2017 жылдың басында министрлікке келген Тамара Дүйсенова 2018 жылы ақпанда қызметінен кеткен. Елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген жиынында Тамара Дүйсенованы “міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу ісін соңына дейін жеткізе алмады” деп сынаған.

Дүйсенованың орнына келген Мәдина Әбілқасымова да бұл министрлікті бір жылдай басқарып, қызметінен алынған. 2019 жылы ақпанның басында Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы уақытша баспанада шыққан өрттен көз жұмған. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткенде үйде өрт шыққан. Осы өрттен соң елде көп балалы әйелдер биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп наразылық бастаған. Олар талаптарының көбін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен қойған. Кейін Назарбаев “халықтың мәселесін шеше алмады” деп үкіметті таратқан еді. Әбілқасымова да тараған үкіметпен бірге қызметтен кеткен. Бірақ бірнеше айдан соң ол Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Әбілқасымованың орнына келген Бердібек Сапарбаев бұл министрлікті жеті айдай басқарды. Сапарбаев тұсында Қазақстан билігі көп балалы отбасылар мен тұрмысы төмен жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлей бастады. Бірақ АӘК шарттарына көңілі толмаған әйелдер бірнеше рет Сапарбаевқа барып, наразылық білдірген. Әйелдер биліктен баспана мәселесін де шешуді талап еткен. Наразы әйелдермен бірнеше рет кездескен Сапарбаев әр отбасының талабы заңмен шешілетінін айтқан.