Бішкек орталығында қақтығыс басталды

Қақтығыс экс-президент Алмазбек Атамбаев пен Қырғызстанның экс-премьер-министрі Омурбек Бабановтың жақтастары митингі өтіп жатқан Бішкектегі Ала-Тоо орталық алаңында басталды, – деп хабарлайды Таза ел кз.

НАразылық білдірушілер таяқ пен пластикалық бөтелкелер қолданған, сондай-ақ, атысқа ұқсас дауыстар естілді.

24.kg хабарлауынша, төбелесті саясаткер Садыр Жапаровтың жақтастары ұйымдастырған. Жапаровты Жогорку Кенештің (парламенттің) жекелеген депутаттары премьер-министр лауазымына ұсынған.

Желіде Алмазбек Атамбаев отыруы мүмкін көлікке қарудан оқ атқан сәттер, сондай-ақ жараланған адамдардың видеолары пайда болды.

Еске салайық, мұның алдында Атамбаевтың Бішкектегі митингіге келгені хабарланған еді. Наразылық акциясына Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков және Омурбек Бабанов қосылды. Олар жиналған жұрттың алдында сөз сөйлеген.

Алмазбек Атамбаев жиналған жұрт алдында билік керек емес екенін айтқан болатын.

“Мені көптеген адам, соның ішінде басқа елдердің, тіпті Еуропа елдерінің президенттері де көндірді. Мен билікті бейбіт жолмен беру үшін арнайы прецедент жасадым. Атамбаевқа билік керек емес. Жастар, сіздер маған балаларым сияқтысыздар. Мен 2010 жылы да уақытша үкіметке қарсы шықтым, өйткені еш жерде заңсыздық болмауы керек”, – деген еді ол.