Биыл 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді – Ұлттық экономика министрі

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстандағы құрылыс көрсеткіштері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылдың алғашқы төрт айында құрылыс 5,5% ұлғайып, 13 өңірде өсу байқалды. Әсіресе Түркістан (28,7%) және Қарағанды облыстарында (25,5%) қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 4 өңірде керісінше құрылыс жұмыстары төмендеді. Бұл – Ақтөбе (-12,8%) және Қызылорда (-49,7%) облыстары, Шымкент (-3,2%) және Нұр-Сұлтан (-17,4%) қалалары. Бұл ретте отандық құрылыс материалдарын өндіру де 15,6%-ке ұлғайды», – деді министр Үкіметтің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы отырысында. Оның айтуынша, тұрғын үйлерді қолданысқа беру бойынша 10 өңірде өсу байқалады. «Жыл басынан бері 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда 10 өңір өсім көрсетті. Әсіресе Алматы (20%) және Жамбыл (12%) облыстарында ең жоғары өсу қарқыны тіркелді. 7 өңірде төмендеу байқалды», – деді Руслан Дәленов.