Болат Бақауов екі айға қамалды

Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу соты Болат Бақауовты екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Отырыс барысында прокурор Бақауовтың ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы “Өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану” бойынша күдікті екенін хабарлады. Аталған бап бойынша санкция мүлік тәркілеуді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Мемлекеттік кешірім Бақауовты 2 айға, 2020 жылдың 16 наурызына дейін қамауға алуды сұрады. Прокурордың айтуынша, бұл бұлтартпау шарасы бостандықта жүрген адам объективті тергеуге кедергі келтіруі немесе жасырынып қалуы мүмкін болғандықтан сұралып отыр. Болат Бақауовтың өзі айыптауға келіспейтінін айтты.  Қамауға алу туралы өтінішті Павлодар тергеу сотының судьясы Балтабай Дүнбекбаев қарады. Ол Болат Бақауовты екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарды. Бұған дейін Бақауов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін күдікті екені хабарланған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 15 қаңтарда қылмыстық іс бойынша жедел тергеу іс-шараларын өткізді.