Бүгіннен бастап Қазақстанның 2 өңірінде карантиндік шаралар күшейтіледі

Бүгіннен бастап Қазақстанның екі өңірінде карантиндік шаралар күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

15 маусымда кешкі сағат 20:00 бастап Көкшетау қаласындағы 7 блокпостың жұмысы қайта жанданып, қалада карантин шектеу шаралары күшейтіледі. Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қала тұрғындарына осындай шұғыл мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес карантин 15 маусымнан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Бұған дейін ҚР Үкіметі жанындағы Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында әкімдерге өңірлердегі карантин шараларын күшейтуді қарастыру тапсырылған еді. Қарағанды облысында карантиндік шаралар қайта күшейтілді. 13 маусымнан бастап өңірдегі сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес базарларда шектеулі уақытпен жұмыс істей бастады. Ал 14 маусымнан бастап Жамбыл облысында да карантиндік шаралар күшейтілді.