Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі 500 млн теңгені талан-таражға салды деп айыпталып отыр

Бұрынғы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты тергеу жалғасып жатыр. ​Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  «Ақпараттық жүйе құру үшін бөлінген 500 млн теңгеден астам қаражатты талан-таражға салу күдігіне ілінген бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сот санкциясымен ол тұтқынға алынды, тергеу жалғасып жатыр», -деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынғанын растаған болатын. Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынуына қатысты пікір білдірді. Айта кетсек, Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған.