Денис Теннің өлімі: Сотталушылар соңғы сөзін айтты – Ел жаңалықтары

Сотталушылар Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева сотта соңғы сөзін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.

“Тағы да кешірім сұраймын, осылай болғанына өкінемін. Көңіл айтамын. Осылай болғанын қаламадым. Өмірімде мұндай жағдай болады деп, осындай жағдайға тап боламын деп ойлаған емеспін. Сізді түсінемін. Ол отбасыңыздың, Қазақстанның бетке ұстар азаматы болды. Осындай тұлғаны жоғалтқанымызға өкінемін. Сіз оны тәрбиелеп, осындай ұлы адам болуы үшін барыңызды салдыңыз. Сізден кешірім сұрауға міндеттімін”, – деді Құдайбергенов.

“Оксана-ханым, сізден кешіруіңізді сұраймын. Менің де әпкелерім, әжелерім бар, сізді түсініп тұрмын. Сүйікті ұлыңыздан айырдық. Ұлыңыздың өліміне себепкер болдық, бірақ біз оны өлтіргіміз келген жоқ. Көңіл айтамыз. Біздің де анамыз, әкеміз бар. Оларға да бұл жағдай ауыр тиді. (…) Сот әділ шешім қабылдайды деп сенемін. Ата-анама қатысты жаман сөздер айтып, оларды қараламауыңызды сұраймын. Бізді осындай жаман әрекетке олар итермелеген жоқ. Өз қателігімді өзім түзеткім келеді”, – деді Қиясов.

Жанар Толыбаева да соңғы сөзін айтты.

“Бұл орны толмас қаза. Соттан әділ шешім қабылдауын сұраймын. Маған қандай қатаң жаза тағайындалсын, Оксана Тен енді ұлын қайтара алмайды. Кешірім сұраймын. Мені үйде күтіп отырған баланың көз жасы мен құрсағымдағы баланы ескерулеріңізді сұраймын. Басқа айтарым жоқ”, – деді Толыбаева.

Сотталушы Денис Теннің өліміне дейін бір күн бұрын пышақ сатып алған

Мұның алдында прокурор сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. “Арман Құдайбергеновті айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Нұралы Қиясов айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жанар Толыбаеваны айыпты деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын”, – деген еді прокурор Досов.

“Менің оған шамам келмеді”. Арман Құдайбергенов Денис Тенмен төбелесі жайлы

Еске салайық, былтыр 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.

Адвокат: Денис Тен тапсырыспен өлтірілді

Кейінірек Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылатыны хабарланған еді. Сондай-ақ, оған “Халық қаhарманы” атағын беру ұсынылған болатын.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz