Денсаулық сақтау министрлігі Токиодан келген жолаушылардан кешірім сұрады

Денсаулық сақтау министрлігі Токиодан келген жолаушылардан карантин үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды tazael.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылы 24 ақпанда Токиодан (Жапония) келген Skat әуекомпаниясының ұшағындағы жолаушыларды 14 күнге карантинге жіберген қолайсыздығы үшін кешірім сұрайды. Шұғыл санитарлық-карантиндік шаралардың мақсаты – азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін коронавирустық инфекцияның өршуімен байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Шешім жан-жақты қарастырылған барлық шарттармен және қатаң мерзімдермен бір уақытта қабылданғанын атап өту керек. Қазіргі уақытта бұл ұшақтағы барлық жолаушылар мен экипаждар Нұр-Сұлтаннан 7 шақырымда орналасқан медициналық мекемеде дәрігерлердің тәулік бойы бақылауына алынған. Олардан анализдер алынып, оның сынамалары талдау үшін Алматы қаласындағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Карантинге алынғандардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, делінеді Facebook парақшасында жарияланған хабарламада.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантинге жатқызылғандар сау адамдар екенін атап өтті.

“Жапониядан, Оңтүстік Кореядан, Гонконгтан, Ираннан, Италиядан келгендердің барлығына 14 күндік оқшаулау, үйде карантинде ұстау секілді шаралар қарастырылған. Бұл сіздің жақындарыңыздың мүддесіне сай жасалып жатыр!” деп жазды ол.

Бұған дейін Қытайда жаңа коронавирус құрбандарының саны 2663-ке дейін көбейгені, 27,2 мыңнан астам адам сауығып кеткені туралы хабарланған болатын.