Ел ішінде демалу қанша тұрады?

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаев табысы орташа қазақстандықтар отандық демалыс орындарында қанша қаражат жұмсайтынын айтты.

«Баға маусымға, демалатын жеріне, туристік ұсыныс құрылымына, тамақтануға (барлығы қамтылған, тек таңғы ас және тағы басқасы) және басқа да көптеген қосалқы факторларға байланысты болады. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағында үш жұлдызды қонақүйде таңғы ас қамтылған стандартты нөмірде жазғы кезде демалу құны бір ересек адамға 10 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында болады. Көптеген отельдер жеңілдіктер ұсынады, ал 5 жасқа дейінгі балалар тегін демала алады. Мысалы, Сарыағаш курорттық аймағында бес рет тамақтанумен және емдеу бағдарламасымен стандартты нөмірде тұру бағасы 11-15 мың теңге аралығында. Көптеген санаторийлер де балаларға жеңілдіктер ұсынады», – деді рrimeminister.kz сайтына сұхбат берген Ө.Бисақаев.

Компания басшысының дерегінше, Алакөл жағалауында толық қызмет көрсетілетін демалыс базаларында бір нөмірдің құны 10-12 мың теңге аралығында. Мұдан екі есе арзан немесе үш есе қымбат демалыс орындарын да табуға болады. Бәрі туристің қалауына байланысты.

«Сонымен қатар, ел ішінде демалу құнын төмендету мақсатында туризм бойынша мемлекеттік бағдарламада қазақстандық курорттарда демалған жағдайда «1+2» сызбасы бойынша (бір ата-анаға екі бала) KIDS GO FREE қағидатымен балаларға әуе билеттерінің бағасын субсидиялау қарастырылған. Бұл шара 5 адамнан тұратын отбасы ел ішінде демалысты таңдағанда отбасылық бюджеттен орта есеппен 100 мың теңгені үнемдеуге мүмкіндік жасайды», – деді ол.

«Kazakh Tourism» басшысы сондай-ақ Түркияның демалыс орындары мен Бурабайдың бағасын салыстыруға болмайтынын айтты.

«Бұл екі нысан инфрақұрылымның даму деңгейімен ғана емес, туристік ұсыныстармен, туристік маусымның ұзақтығымен және басқа да жағдайлармен ерекшеленеді. Бұл орайда Бурабайды Анталиямен салыстыруға болмайды. Бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары бар. Тіпті бағасы бірдей болғанның өзінде олар бір-бірінің орнын алмастыра алмайды», –  деді басқарма төрағасы.

Компания басшысының атап өтуінше, Бурабай – бұл санаторийлік емді есепке алмағанда біркүндік турлар, демалыс күндері, қысқа мерзімді демалыс өткізілетін жер.

«Тіпті, бұл жағдайда да кез келген қаржыға демалатын орын: шатырлар мен жеке үйлерден бастап, бесжұлдызды қонақүйге дейін табуға болады. Сервис деңгейіне байланысты мәселелер бар. Бірақ бұл уақыт пен бәсекенің жеткілікті болуын талап ететіндіктен, біртіндеп жөнге келетін мәселе», – деді Ө.Бисақаев.

inform.kz