Елімізде аяздың беті қайтады – Синоптиктер – Ел жаңалықтары

«Қазгидромет» метеорологтары елімізде алдағы аптада ауа райы қандай болатынын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қазгидромет» директоры Марины Шмидт алдағы уақытта Қазақстанда қатты аяз болмайтынын айтады. 

«Аязды әкелген суық және күшті антициклондардың Қазақстанға ығысуына байланысты республиканың басым бөлігінде аяздың беті қайтады», – деді Марина Шмидт.

Маманның айтуынша, еліміздің солтүстік өңірлерінде демалыс күндері ауа температурасы минус 18-23 градус болады. Бірақ кейбір жерлерде 28 градусқа дейін аяз болады деп болжанып отыр. Ал оңтүстік өңірлерде ауа температурасы түнгі уақытта 0-5 градус, кейбір жерлерде 10 градус аяз болады. Ал күндіз 3-8 градус аралығында жылы болатыны айтылады.

«Ауа температурасының жоғарылауына байланысты кейбір өңірлерде қар түсіп, боран соғады. Қазақстанның оңтүстігінде жауын-шашын жауып, кейбір аумақтарда тұман түсіп, көктайғақ болады», – дейді метеоролог.

Бірақ, мамандардың айтуынша, аптаның басында күн суық болады. Дегенмен өткен аптадағыдай аяз болмайды.

«Қазақстанның солтүстігі мен орталығында түнгі уақытта ауа температурасы 22-27 градус, кейбір өңірлерде 30 градус аяз болады. Еліміздің шығысында 35 градусқа дейін аяз болса, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 5-10 градус аяз болады. Бірақ бұл аяз ұзақ уақытқа созылмайды», – деді Марина Шмидт.

Ал солтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 15-23 градус болса, күндіз 5-13 градусқа дейін жоғарылайтыны айтылады.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz