Елбасы Түркістандағы халықаралық әуежайдың ашылу рәсіміне қатысты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласының халықаралық әуежайының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.  Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан. Қаладан 20 км қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған. Әуе айлағын салу үшін 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Халықаралық әуежайдың жалпы ауданы 905 га құрайды. Әуежайдың қызмет көрсету әлеуеті жылына шамамен үш миллион жолаушыны құрайды. Осыған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласына келгендігін хабарладық.