Еліміздің бүкіл әуе компаниялары қара тізімге енуі мүмкін

Bek Air компаниясына қатысты шу еліміздің авиациялық әлеуетіне нұқсан келтіруі мүмкін. Қазақстан әуе компаниялары әлем бойынша қара тізімге ену қаупі бар, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

“Әуе апатына байланысты Bek Air компаниясындағы тексеріс жұмыстары 2015 жылдан бергі кезеңді қамтиды екен. Нәтижесі ақпанның 27-де белгілі болып, бір күннен кейін ақпарат құралдарында жарияланады. Анықталған олқылықтарға қатысты жұмыс жоспарын әзірлеуге компанияға 10 күндей мұрша беріледі. Егер кем тұсын дұрыстауға бағытталған жоспар мақұлданса, жарты жылдың ішінде жүзеге асыруы тиіс. Десе де, бұл компания 2016 жылы Еуропалық комиссия тарапынан тексерілген, сол кезде анықталған олқылықтар әлі дұрысталмаған болып шықты”, – дейді телеарна тілшісі.

Питер Гриффитс, “Қазақстан авиация әкімшілігі” АҚ бас директоры:

– Компанияның жұмысшылары өздерінің жалақысыз отырған мәселесін тікелей басшыларына айтып, бірге шешуі тиіс. Ерік менде болса, бұл компанияның жұмысын тоқтатар едім. Тіпті, апаттан кейін маған Еуроодақтан хабарласып, бұл компанияны жабу туралы өтінген.