Елорда елтаңбасындағы жазу өзгереді

Елорда елтаңбасындағы “Астана” жазуы “Нұр-Сұлтан” деп өзгертіледі. Мұндай шешімді бүгін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Нұр-Сұлтан қалалық тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Есіркеп  ҚР Президентінің “ҚР астанасы Астана  қаласын ҚР астанасы Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы” 2019 жылғы 23 наурыздағы №6 Жарлығы мен  2007 жылғы 21 шілдедегі “ҚР астанасының  мәртебесі туралы” Заңның 3-бабына сәйкес Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің қарауына “ҚР астанасы Астана қаласының рәміздері туралы” Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 5 маусымдағы №109/16-4.4 шешіміне  өзгерістер туралы шешімнің жобасын ұсынды.

“Елорда елтаңбасындағы “Астана”  деген жазуды латын әрпіндегі “Нұр-Сұлтан”  деген жазумен ауыстыру туралы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймыз. Елтаңбадағы бұрынғы “Астана” деген жазу латын әрпіндегі “Нұр-Сұлтан” деген сөзбен ғана ауысты. қалған элементтердің барлығы сақталады”, -деді С.Есіркеп.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

inform.kz