Елордада қазақ тіліне арналған форум өтіп жатыр

Мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейту мақсатында елордада республикалық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды “Хабар 24“.

Алқалы жиынға қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен ұзын саны 250 адам келген. Кешке дейін жалғасатын Мәжілісте қазақ тілін тек руханиятта емес, бизнес, ғылым, заңда да жаппай қолдану мәселесі талқыланады.

Тілді меңгертудің заманауи әдістемесі, жаңа әліпби емлесі осы форумға арқау болмақ. Латын алфавитін, мемлекеттік тілді тиімді әрі оңай жолмен үйрететін интерактивті құралдардың көрмесі де ұйымдастырылды. Форумда айтылған ұсыныс, көтерілген бастамалар негізінде қарар қабылданбақ. Ол “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми практикалық орталығының ресми сайтында жарияланады.

Ербол Тілешов, Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:

– Әр секция бойынша форум жұмыс істейді. Бизнес және қазақ тілі, заң және қазақ тілі, ғылым және қазақ тілі, жастар, солай кете береді. Сол саланың мамандары осыған байланысты көптеген ой-пікірлер айтады. Соның бәрі қаралып, қарар қабылданатын болады. Сол арқылы министрліктен үкіметке жіберіледі. Өйткені бұл әлеуметтің ойы.

Ғосман Төлеғұл, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кеткендей, тіл мәселесі – ел үшін егеменді мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Проблема дегенге келетін болсақ, ол әрине, қазіргі уақытта бар. Мысалы, көп облыста тіл басқармалары жабылып жатыр. Тіл орталықтары жабылып жатыр. Жабылғанда ол енді басқа құрылымға қосылып жатыр. Бұл әрине, дұрыс емес деп ойлаймын өз басым.