Францияда ондаған мың адам наразылық шеруіне қатысқан

Францияда ел астанасы Париж және өзге қалаларда сенбі күні “сарғылт жилеттілер” қозғалысының жаңа акциялары өтті. Парижде наразылар негізінен Елисей алаңы, Гарнье операсы мен Республика алаңы маңына жиналғанн. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір апта бұрынғымен салыстырғанда бұл жолы шеруге шыққандар саны аз болған.

Үкімет жанармай салығын ұлғайтуға мораторий жариялағаннан кейін және президент Эммануэль Макрон ең төменгі еңбекақыны көтеру және артық жалақыға салынатын салықты жою туралы мәлімдегеніне қарамастан, наразылардың кейбірі биліктің шешіміне қанағаттанбай, елдегі әлеуметтік қатынастар мен саяси құрылысты түбегейлі өзгертуді талап етеді.

Сенбінің кешіндегі мәлімет бойынша, желтоқсанның 15-інде бүкіл ел көлемінде наразылық акцияларына 35 мың адам, Парижде – 3 мыңға жуық адам қатысқан. Париж полициясының хабарлауынша, 100-ге жуық адам ұсталған. Бұның алдындағы сенбіде ұсталғандар саны мыңнан асқан болатын.

Франциядағы наразылық акциялары осыдан бір айдан астам уақыт бұрын басталған. Ондаған мың демонстрант үкіметке көлік жанармайына салықты ұлғайтудан бас тарту туралы талап қойған. “Сарғылт жилеттілер” бұған қоса үкімет пен президент Эммануэль Макронның отставкаға кетулерін талап еткен. Француз басылымдарының хабарлауынша, қарашаның ортасынан бастап Франция полициясы елдің бірнеше қаласында қоғамдық тәртіпті бұзу және вандализм оқиғаларына байланысты төрт жарым мыңға жуық манифестантты ұстаған.

Желтоқсанның 10-ы күні президент Макрон жанармай салығын ұлғайтуға жарты жылға мораторий енгізілетіні және наразыларды сабасына түсіруге бағытталған өзге де шаралар туралы мәлімдеген.