Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент әкімі қызметінен кетті

Шымкенттің жаңа әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ерлан Қуанышұлы Айтаханов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалсын, делінеді Президент жарлығында.

Ерлан Айтаханов 1971 жылы туған. Екі жоғары білімі бар – экономикалық және заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Ерлан Қуанышұлы еңбек жолын банкте экономист болып бастаған.

1995 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан банктерінде, “Қазақстан темір жолы” компаниясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

Көлік және коммуникация министрлігінде, Бәсекелестік орта және табиғи монополияларды қорғау агенттігінде, Ақмола облысы бойынша қаржы инспекциясының бастығы лауазымдарында қызмет еткен.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2012 жылдан бастап Ерлан Айтаханов Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.

Соңғы қызметі – Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі.

Ал Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент әкімі болып бірнеше рет қайта тағайындалған болатын.

Алғаш рет ол Шымкентті 2015 жылы басқарды. 2017 жылға дейін әкімнің креслосында отырған. Ал 2018 жылы Шымкент қаласының әкімі қызметіне қайта оралған.

Биыл елдің жаңа президенті сайланғаннан кейін Ғабидолла Рахматуллаұлы үшінші рет Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған еді.