Головкин “Канеломен” үшінші жекпе-жекке қызығып отырған жоқ – мексикалықтың промоутері – Бокс

Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мексикалық Сауль “Канело” Альвареспен үшінші рет жұдырықтасуға мүдделі емес. Бұл туралы мексикалық боксшының ісін жүргізетін Golden Boy Promotions президенті Эрик Гомес мәлімдеді, – деп хабарлайды Vesti.kz.

“Головкин енді “Канеломен” жұдырықтасқысы келмейтін сияқты. Жеңіл жекпе-жектерді қалайды, бұған дейінгілерге ұқсас. Жарайды, көрейік”, – деп келітреді Гоместің сөзін Boxingnews24.com.

Алайда промоутер алдын ала жүргізілген келіссөздерде не болғанын нақты айтпады. Промоутер үшінші жекпе-жек үшін Головкинді тиімсіз келісімшартқа көндірмек болды ма, әлде қазақстандық шынымен үшінші жекпе-жектен бас тартты ма, әзірге белгісіз. Гоместің бұлай айтуына не түрткі болғаны түсініксіз.

Мұның алдында Golden Boy Promotions иесі Оскар Де Ла Хойя Головкиннің өкілдерімен алдын ала кездесу өткізгенін хабарлаған. Сонымен қатар, ол Гомеске үшінші жекпе-жек бойынша келіссөз жүргізуді бастауға нұсқау берген.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz