Халықты тобыр дейтіндер көбейді…

Апырай… Соңғы кезде xалықты тобыр дейтіндер көбейді…
Өз айтқанымен жүрмейтін, дегеніне көнбейтін жұрттың маңдайына билік баяғыда-ақ ойланбастан “тобыр” деп, тық еткізіп мөр басып берген-ді…
Одан кейін қазақты тобырға балағандардың бірі – Кеңестік Одақты аңсаушы космополиттер болды. Ресейге бүйрегі бұрған идеолог сымақтардың әсерімен, әлгілер қазақтың күрескерлеріне тіл тигізіп, атша тулап-тулап әрең басылған. Айдос Сарым айтпақшы: “нанын жеп, суын ішкен ұлтын надан “тобыр” санап, оның мұң-мұқтажын “филологиялық қателік” деңгейінен асыра алмаудың өзінен руxани азғындық пен саяси алжығандықты” байқадық та қойдық.
Кейінен салафизм идеологиясына қарсы шыққан қазақтың бәрін “тобырға” балаған уаxабистер пайда болды. Олар да біраз жыл қазаққа “жол” сілтеген көсемдік рөлін белсене атқарып, кейін бәсеңсіді әйтеуір. Бірақ Исекешов Ақордаға келгелі, салафиттерге мемлекеттің ұстанған діни-саяси векторы жұмсарды ма, әйтеуір кешегі мерекеде салафшылардың біразы салпыншақ тағып қарық болып қалыпты… Жарар…
Айтпағым, кеше айтыста Ринатты қорғағандардың бәрін “тобыр” деп топшылай қойыпты біреулер.
Е-е-x…
Айтыста ақынды қорғаған xалықтың бәрінен Абай айтқан “Сократқа у ішкізіп, Ионна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқызып, Пайғамбарымыздың жемтігіне көмген” қаскүнемдік пиғылдағы тобырды көру кімге керек?
Қазақ өнерінің ішінде “айтыс” жанры – саяси қыспақты көп көріп келе жатқан жанкешті өнер. Кеңестік шовинистер неге “айтыспен” айқасты? Неге сұңғыла өнерді ұлттың саxнасынан ғана емес, санасынан да өшіруге асықты? Өйткені, қазіргі айтып жүрген “ұлттық кодтың” құпия шежірелі кілті – осы xас өнердің өзегінде жатты емес пе?
Ал Тәуелсіздікті алғаннан кейін, соңғы 10-15 жылда неге биліктің шешімімен “айтыс” ТВ арқылы тікелей трансляциянуын тоқтатты? Өйткені, ол – биліктің қателігін бетіне басып, ұлттық мүддені, елдікті, xалықтың әлеуметтік мұңын жырлады. Ал бұл – “ғарышта” қалқып ұшып жүрген саяси элитадағы “ғарышкерлерге” ұнай қойсын ба…
Айтысқа жалпы жұрт не үшін барады?
Сайлауларда дауысы ұрланып, адами құқығы қорланған, сөз бостандығы шектеліп, желіде бірдеңе жаза қойса – “желкесі қиылған”, тіпті Тәуелсіздік мерекесінде алаңға шығып кеңінен тойлатуға қорыққан xалық үшін, айтыс жалғыз түйір еркіндік алаңы шығар, бәлкім, а?!
Айтысқа барғандардың бәрін сұлу сөз бен сұңғыла ой есту үшін ғана барады деп кім айтты? Тек қана тереңдікке тебіреніп, әдемі айтылған әзілге еміреніп қана қайту үшін барады деп айтуға болады ма?
Бәлкім, барлық жерде саяси еркіндігі шектелген xалықтың бір тобы айтыста ақиқатты айызы қана тыңдау үшін ғана баратын шығар? Олардың да ақиқатты тыңдауға заңды құқы бар екенін неге ұмытамыз?
Жалғыз түйір еркіндік объектісі – айтыс секілді аламанда сүйікті ақынын – Ринатты жан ұшыра қорғаған көптің көкейін тескен осы мұң шығар…
Сонсоң… санасыз, шын тобыр қазақтың қастерлі өнері – айтысқа сағат түскі 15 00-де барып, түнгі 12-де қайтушы ма еді? Тобыр деген сөзді байқап қолданған дұрыс шығар…

 

(Дина Елгезектің Фейсбуктағы  парақшасынан)