HAQ қозғалысының белсенділері партия құру идеясын айтты

 Алматыда “Халыққа адал қызмет” (HAQ – ХАҚ) азаматтық қозғалысы партия құрғалы жатқанын мәлімдеп, өздерінің “манифесі мен құндылықтарын” таныстырды.

Өзін болашақ партияның жетекшісі деп таныстырған Тоғжан Қожалиева “Әуелі көздегеніміз – авторитар жүйені ыдыратып, республиканы қайтару” дейді. Белсенділер манифестінде “Республика дегеніміз – жалпыға бірдей мүмкіндіктер, таптық бөлінудің болмауы және Конституция үстемдігі” деп жазылған.

Қозғалысының өкілдерінің сөзінше, басқалардан ерекшелігі партия мүшелері – бұрын саясатта болмаған азаматтар. Олар “радикал оппозиция” (Қазақстан билігі тыйым салған ҚДТ-ны айтады – ред.) мен билік арасына көпір орнатуды көздейді.

Қожалиева Қазақстанда “саяси тұтқындар бар” дегенмен келіседі және митинг кезінде ұсталып, бірнеше тәулікке қамалғанның бәрін “саяси тұтқын” деп есептейді. Өзінің биылғы президент сайлауында тәуелсіз бақылаушы болғанын айтқан ол “Сайлауда заңбұзушылық көп болды. Нәтижесін мойындамаған Еуропа қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымының мәлімдемесімен келісеміз” деді. Қожалиеваның сөзінше, “сайлаудан соң халық оянған және билік оны қайта ұйықтата алмайды».

Қожалиева өзі мен күйеуінің 1990 жылдан бері кәсіппен айналысатынын, қаржыны өз қалтасынан шығарып жатқанын, партия артында ешкім тұрмағанын айтады.

“Артымызда ешкім жоқ. Қасымызда тек жастар, одан соң жаңаша ойлайтын кісілер. Біздің электоратымыз – ой-өрісі дамыған, ойы ашық, көбіне бизнестегі адамдар” деді Қожалиева.

Қожалиеваның сөзінше, қазір қозғалысқа мыңға жуық азамат мүше. Ол өзі мен өзге мүшелерге белгісіз біреулер телефон арқылы сес көрсетіп жатқанын айтады. HAQ қозғалысы сайлауға қатысып, парламент пен үкіметке мүше болуды көздейді. Бірақ сайлау әділ өтеді дегенге “сенбейді”.

– Сайлаулар әділ өтеді деген – утопия. Қысым жасалады. Бірақ мыңдаған тәуелсіз бақылаушымыз болса, әділетсіздікке қарсы тұра аламыз, – деді ол.

Қазір Қазақстанда “Нұр Отан”, “Ақ жол”, Коммунистік халықтық партия, “Бірлік”, “Ауыл”, ЖСДП және “Азат” партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі – “Нұр Отан”, “Ақ жол” және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінде фракциялары жұмыс істейді.