ХХІ ғасырдың көшбасшысы ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Егеменді Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы шоқтығы биік, қашанда дара тұратын білім ордасы. Әрине, бұл жылдар бойы қалыптасқан, жемісті еңбектің арқасында келген жетістік. Осы маңдай алды оқу ордасына биыл 86 жыл толып отыр.
Бір ғасырға жуық тарихы бар Жоғары оқу орны тәжірибе жүргізу мен білімгерлермен алмасуда және заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыруда әлемнің ең ірі 418 халықаралық жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта. Оған университетіміз Мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының дипломанты атануы дәлел бола алады.
Сонымен қатар, 2019-2020 оқу жылдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Халықаралық университеттер Ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер Ассоциациясының ұйымдастырушысы. Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан ЖОО-лары арасында тұңғыш болып, Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. ИСО 9000:2000 халықаралық стандарттар талабы негізінде сапа мененджмент жүйесіне сай (СМЖ) халықаралық сертификаттаудан жемісті өтті және IQNET Халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді. Айта берсек, мақтанарлық құндылықтарымыз көп-ақ.
Жаһандық даму үстінде жүрген мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен біздің оқу ордасын таңдап келер жастардың санында шек жоқ. Білім қуған ұрпақтың таңдағанын тауып берер білім мен ғылым ордасы талапкерге түрлі мамандығын ұсынады.
Тағы бір айта кетерлігі, университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады. 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда.
Білім ордасының атағы мен дәрежесі ғана асқақтап тұрған жоқ. Ондағы ұстаздар мен жастардың жаңашылдыққа құштарлығы көпшілікке аян іс. Бірнеше тілді жетік меңгеріп, түрлі сайыстардан өзінен ат оздырмас мықты білімгерлер де жетерлік. Көпшіліктің басын біріктірген бұл киелі қара шаңырақтан Қазақстанның болашығын жалғастырар ұлағатты ұрпақ шығарын нық сеніммен айта аламын. Біздің түлектердің көпшілігі еліміздің дамуына қазірден бастап атсалысуда. Бұл жетістіктер мақтанышымыз, төгілген тердің жемісті жеңісі мен ізденістердің нәтижесі.

З.М.Зульбухарова,
Ш.Б. Гұмарова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
аға оқытушылары.