Эстония ресейлік “Спутниктің” жұмысын шектеді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік “Спутник” ақпарат агенттігі Эстониядағы жұымысын тоқтатты. Сайт мәлімдемесінде қызметкерлерінің қылмыстық қудалаудан қауіптенгендіктен жұмыстарын тоқтатқаны жазылған. Ал Эстония билігі Еуропа одағының санкциясына байланысты агенттік жұмысына шектеу қойғанын мәлімдеді.

“Постимеэс” басылымының жазуынша, “Спутниктің” Эстониядағы бөлімінде 35 адам жұмыс істейді. Барлығының 1 қаңтардан бастап келісім шарты тоқтаған. Агенттік “төтенше жағдай” режимінде жұмыс істеп жатқандарын хабарлады. Эстония билігі “Спутниктің” жұмысы жалғаса берсе, қылмыстық іс қозғайтынын айтқан.

Эстониялық жемқорлыққа қарсы бюро жетекшісі Мадис Рейманд экономикалық санкцияларға байланысты журналистердің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті. 2014 жылы Еуропа одағы “Россия сегодня” және “Спутник” агенттігінің жетекшілеріне санкция салған.

Эстония сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу елдегі радиоларға берген сұхбатында “Спутниктің” қызметін пропагандамен байланыстырды. Бірақ ол агенттіктің жұмысы ЕО салған санкцияға сай шектелгенін мәлімдеді.