Кітап – рухани қазынаның қайнар бұлағы

Қазақстан білімі мен ғылымының орталығы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің арасында «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» рухани жобасы кеңінен танымал. Жобаның мақсаты – студенттерге қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу. Осы жобаны жүзеге асыру барысында студенттерге төрт жылда оқып шығуға 100 кітаптың тізімі ұсынылады. Тізімде әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармалар қамтылған.
Университеттің шет тілдер кафедрасының еңбек ұжымы, факультеттер бойынша студенттік клубтар мен үйірмелер осы жобаны дәріптеуге, оның ішінде студенттерді ағылшын тіліндегі кітаптармен таныстыруға өз үлесін қосуда. Жас ұрпақты рухани тұрғыда қалыптастыруда ағылшын тіліндегі әдеби шығармаларды оқудың орны ерекше. Уильям Шекспир, Даниель Дефо, Оскар Уайльд, Эрнест Хемингуэй, Джек Лондон сынды ағылшын әдебиетінің айтулы қаламгерлерінің кітаптарын оқу әдеби кеш, ашық тәрбие сағаты, дөңгелек үстел, сахна қойылымы, жобалық жұмыс түрінде, кітап көрмесін ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
Ағылшын қаламгері Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» романы әлем әдебиетінің ең үздік үлгілерінің бірі, бүкіл дүние жүзіне мәлім шығарма. Кітап 1719 жылы жарыққа шыққаннан бері үш ғасыр өтсе де, Робинзонның тарихы осы күнге дейін оқырмандарды қызықтырады. Кемесі теңізде апатқа ұшырап, жалғыз өзі Америка жағалауы маңындағы елсіз аралға шығып қалған Робинзонның 28 жыл бойы жалғыздықтың жапасын шеккен өмірі шытырман оқиғарға толы. Бұл шығармада кейіпкердің өмірінде кездескен қиындықтарын көрсету арқылы адам рухының мықтылығы, жалғыздықтың қасіретін қандай жолмен жеңе білгені, ұстамдылығы, нені болса да ақылға салып орындауы, қажырлы еңбегі баяндалған. Айналасында жан жоқ жерде амал-тәсілін тауып өмір сүре алатын, еңбекқор, батыл, мейірімді, төзімді, жігерлі, табиғат заңдарын танып білуге ұмтылған Робинзон туралы кітап оқырмандарға осы адами қасиеттерді үйретеді.
Атап айтсақ, «Ағылшын клубы» студенттік үйірмесі Даниель Дефоның «Робинзонның өмірі және таңғажайып хикаялары» туындысы бойынша тәрбиелік мақсатта шара ұйымдастырып, оған география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенттері белсенді қатысты. Шараның мақсаты – студенттердің ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, сөйлеу дағдыларын дамыту, шығармашылық ізденіске бағыттау және студенттердің бойында шыдамдылық, тапқырлық, ептілік қасиеттерін дамыту. Студенттер тәрбие сағатында әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Даниель Дефоның өмірімен және шығармаларымен таныстыратын презентациялар жасап, «Робинзон Крузо» кинофильмінің ағылшынша нұсқасынан үзінді қарап, көрсетілген көрініс бойынша сұрақтарға жауап берді. Студенттер романның мәтінін пайдалана отырып, картадан Робинзон Крузо тұрақтаған оқшау аралды тауып, оның географиялық орналасқан жерін, аралдың флорасы мен фаунасын, климаттық жағдайын сипаттап, төтенше жағдайларда және қазіргі заманғы әрбір адамға пайдалы болары анық Робинзонның елсіз аралда өмір сүруіне көмектескен адами қасиеттерін айқындап, Робинзонға мінездеме берді.
Студенттер сондай-ақ «Робинзон Крузо» романы бойынша сахналық көрініс қойды. Әйгілі кітап кейіпкерінің бейнесін ағылшын тілінде сомдап, оның жан дүниесін көркем жеткізе білген студенттеріміз өздерін тағы бір қырынан танытып, көрермендердің көңілінен шықты. Демек, студенттер кітап оқып, рухани баюмен қатар шығармашылық тұрғыда дамып, өнерін ұштай түсті.
«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы жан-жақты терең білім алған, жандүниесі бай, жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттері ұялаған, белсенді, шығармашыл маман қалыптастыруға жағдай жасайды.

Б.Н. Қарабаева, З.Қ. Мадиева,
әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің аға оқытушылары