Латын әліпбиіне көшу тағы 10 жылға созылатыны рас па?

Мәдениет және спорт министрлігі “Қазақстанда латын графикасына ауысу 2020-2035 жылдарға дейін созылады” деген ресейлік БАҚ бетінде жарияланған ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов латын графикасына ауысу 2035 жылға дейін созылады деген мәліметтің шындыққа жанаспайтындығын айтты.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті ЕлбасыныңҚазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралыжарлығына сәйкес Қазақстан үкіметі әліпбиді 2025 жылға дейін кезеңкезеңімен ауыстыру үшін шаралар жоспарын бекітті“, – деді ол.

Айта кетейік, латын әліпбиіне көшу шараларының жоспары үш кезеңнен тұрады. 2018-2020 жылдары нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, жаңа әліпбидің жазу ережелерін құрастыру және мәтіндерді латын графикасына көшіріп жазатын IТ қосымашалар жасап шығару көзделген.

“Келесі кезең 2021-2023 жылдарға жоспарланған. Осы аралықта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілер латын графикасына көшіріледі, төлқұжат, жеке куәлік және басқа құжаттар айырбасталады“, – дейді Мелдешов.

Ал 2024-2025 жылдары мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар іс қағаздарын латын әліпбиінде жүргізе бастайды. Мемлекеттік БАҚ пен білім беру мекемелері де латын графикасына ауысады.

“Қазір 2020-2025 жылдарға тілдерді дамыту және қолдану туралы мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп жатыр. Негізгі мақсат – латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін жаңғырту”, – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы.