Мұз үстінде үздіктермен тайталасу – Спорт

236

Сенбі күні Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) қолдауымен «Медеу» мұз айдынында екі күнге созылатын жеке әлем Чемпионаты финалының алғашқы жарыстары өтті.  Додада Австрия, Швеция, Ресей, Германия және Қазақстан – жалпы саны әлемнің бес елінен 18 «мұз гладиаторы» бақ сынауда.

 Доданың бірінші күнінде 20 іріктеу жарысы, екі жартылай финал және бір финал өтті. Әрбір айналымда төрт шабандоз күш сынасты және иеленген орындары бойынша ұпайларды бөлісті. Бірінші болып келген шабандоз үш ұпай, екінші – екі ұпай, үшінші – бір ұпай алды. Ең көп ұпай жинаған райдерлер жартылай финалдық және финалдық кездесулердің топтарын құрады.

Биыл «Медеу» мұз айдынындағы «мұз гладиаторларының» айқасын тамашалауға рекордтық көрсеткіштегі көрермен жиналды.

Жарыстың алғашқы күнінен бастап, әлемнің үздік мотошабандоздар экстремалды спорт әуесқойларына ұмытылмас шоу мен қатал айқасты көрсетті. Қатысушылар тікенді дөңгелекті мотоциклмен доғал мұз алаңын 100 км/сағ жылдамдықпен айналып өтті. Старттық жарыстар өте серпінді және әсерлі түрде есте қалды. Алдын-ала болжағандай, Ресей мотошабандоздары іріктеу сайыстарының қорытындысы бойынша бірден көшбасшылықты өз қолдарына алды. Неміс, австрия және қазақстандық спортшыларға әлемдік спидвэйдің үздіктерімен тайталасу қиынға соқты.

Әр ұпай үшін жанталаса күресіп, фавориттермен тайталасқан швед райдері Мартин Хаарахилтунен алғашқы күн сенсациясының авторы атанды. Нәтижесінде өршіл швед  қажетті ұпай санын жинап, ақтық жарысқа жолдама алды. Ресейлік райдерлердің басты бәсекелестерінің бірі саналған австриялық Франц Цорн бұл кезеңде сәтсіз өнер көрсетті. Бірінші айналымда соқтығысқаннан кейін, ол жоғары жылдамдыққа шыға алмай, жартылай финалға өтпеді.

Қазақстандық райдерлер Владимир Чеблоков, Сергей Серов және Андрей Шишегов жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсете алмады және сәйкесінше жартылай финалда өнер көрсету мүмкіндігінен айырылды.

20 жарыс айналымының қорытындысы бойынша көп жеңіске қол жеткізген ресейлік шабандоз Даниил Иванов 19 ұпаймен көш бастады. Екінші және үшінші орындарды ресейлік Динар Валеев пен Дмитрий Хомицевич иеленді, мотошабандоздардың қоржынында 17 ұпайдан.

Нәтижесінде финалда осы үш ресейлік шабандоз және швед Хаарахилтунен кездесті. Швед шешуші жарыста соңғы болып ақтық мәреге келсе, ресейлік Башқұртстан өкілі, жас шабандоз Динар Валеев тәжірибелі Иванов пен Хомицевичті басып озып, жеңіс тұғырынан табылды. Айта кету керек, Динар Валеев ресейлік команда құрамында осы «Медеу» мұз айдынында 2017 жылы алғаш рет додаға қатысты.

– Бүгінгі жарыс мен үшін өте сәтсіз басталды – беріліс дұрыс қосылмады, мотоцикл қажетті қуатқа шықпады. Алайда, командамен бірге біз қиындықтарды жеңе білдік және мен тамаша нәтиже көрсете алғаныма өте қуаныштымын. Қазір нағыз жауынгерлік көңіл-күйдемін және мен осы және кейінгі кезеңдерде жеңіске жетуге дайынмын, – деді Динар Валеев.

Ақпарат үшін

Спидвей немесе мұздағы мотожарыс — мұз трэктерінде дөңгелегі тікендермен жабдықталған мотоциклдердің сайысы. Биыл жарыс 2-3 ақпан аралығында әдеттегідей екі күнге созылады. Айта кету керек, FIM Ice Speedway Gladiators World Championship 2019 (жарыстың толық атауы) Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) қамқорлығымен өткізіледі және ресми әлемдік күнтізбеге кіреді. Алматы кезеңінің ұйымдастырушылары — ҚР автомотоспорт федерациясы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл мұз айдынында өтетін әлем Чемпионаты барлығы жеті – екі іріктеу және бес финалдық кезеңдерде өтеді. Жеке чемпионаттың бірінші финалдық кезеңін Қазақстанға өткізу сеніп тапсырылды, екінші кезең Ресейдің Шадринск қаласында өтеді, одан кейін шабандоздар Германия мен Нидерландта жарысады. Әлем чемпионатының командалық есептері ресейлік Тольятти қаласында өтеді, оған 20 жылдан астам үзілістен кейін қазақстандық мұз гладиаторлары командасы қайта қатысады.

«Медеудегі» спидвэйден жеке әлем Чемпионатының финалы Бас Cеріктес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі, сондай-ақ «Амитех Астана» компаниясы және «Бардаль» сауда маркасының қолдауымен өтуде.

Суреттерді түсірген: Д.Балабекұлы