Мейвезерден жеңілген жапон кикбоксшысы МакГрегормен төбелесетін болды – Спорт

Жапон кикбоксшысы Тенсин Нацукава UFC ұйымының екі салмақта чемпионы болған ирландиялық Конор МакГрегордың жекпе-жекке шақыруын қабыл алды, – деп хабарлайды Vesti.kz.

31 желтоқсанда Сайтама қаласында Rizin ұйымының турнирінде Нацукава бокс ережесі бойынша америкалық Флойд Мейвезермен жұдырықтасқан болатын. Шоу ретінде өткізілген жекпе-жек үш раундқа есептелген еді, алайда, ол алғашқы раундта-ақ аяқталды. Мейвезер қарсыласын үш рет нокдаунға түсірді.

МакГрегор жапониялыққа осы жолы ММА ережелері бойынша өткізуді ұсынды. Нацукава аралас жекпе-жектерде де жұдырықтасқан (4-0).

Тенсин Нацукава жекпе-жекті кикбоксинг ережелерімен өткізуге келісті. 

“Құрметті МакГрегор мырза. Есімімді жаттап қалғанызыға алғыс білдіремін. Менімен жұдырықтасу туралы ойлағаныңыз мен үшін абырой. Мүмкін рингте 58 келіге дейінгі салмақта кикбоксинг ережелері бойынша жақын уақытта кездесеміз”, – деп жазды спортшы твиттер желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, ресейлік файтер Хабиб Нурмагомедовпен соңғы жекпе-жегінде МакГрегор 70,3 келі салмақта өткізді. Мұның алдында, 2015 жылға дейін ирландиялық 65,8 келіге дейінгі салмақта жекпе-жек өткізетін.

Айта кетейік, МакГрегор 2017 жылы Мейвезермен де жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңілді.

Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz