Министрлік 25 ЖОО-ның 60 лицензиясын қайтарып алды

Білім және ғылым министрлігі 25 жоғары оқу орнының 60 лицензиясын қайтарып алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қосымшасын қайтарып алды. Олардың басым бөлігі Комитеттің тексерісінен кейін қайтарылды.

Негізінен бұл ЖОО-лар “Педагогикалық ғылымдар”, “Өнер”, “Гуманитарлық ғылымдар”, “Жаратылыстану ғылымдары”, “Техника ғылымдары”, “Қызмет көрсету” және “Әлеуметтік жұмыс”, “Әлеуметтік ғылымдар” бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырды”, – делінген хабарламада.

Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша ЖОО-лардың нормативтік құқықтық актілерді сақтамағаны анықталды. Олқылықтарға негізінен талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамның (ПОҚ) біліктілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс арқылы алмастыру, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу және т.б. бойынша жол берілгені айтылады.