Найман қала, бұл қай қала?

Ащыөзек жотасының  етегінде сағымға   көміліп көне қорған  жатыр… Сыры  беймәлім. Қай  ғасырда,  қай  ел  тұрғызды   белгісіз. Қорған  десе  қайласы мен  күрегін  ала  жүгіретін  археологтар   бұл  жерге   ат  ізін  салмаған. Бәлки  естімеген де болар…

Сонау  ес  білген  бала  шағымда   сағымға оранып,  бар  құпиясын жасырып  жатушы  еді.  Әлі де  сол  қалпы. Тек   жел мен  жаңбыр кемірген қорғанның  қабырғалары үгіліп, жерге  сіңіп  барады. Кезінде көтеріліп,  күншілік  жерге көз  салар төрт  мұнарасы  да құлаған,  төрт  жақтан  кіріп  шығуға  қолайлы   төрт  қақпасы да опырылып,  дөңбешікке айналған. Апыр-ау, көштен  бөлініп  қалған  тайлақтай  жапан  далада қарауытқан  бұл  не  қылған  қорған? Кім  тұрғызды? Суыртпақтап  тартар  тарихы қайсы? Тек көне  дүниеден   сыр  шертетін  тарихи кітаптарды  парақтап, өзіңше  жорамалдайсың? Басқа  жол  жоқ. Ащыөзек  жотасының  етегінде  сағымға  көміліп  көне  қорған  жатыр… Сыры  беймәлім…

Балалық  шаққа  саяхат

Кешкі  асқа  отырғанымыз  сол  еді, шешем, «Мына  көксау  шалдың  баласы ана  Жамбыл  қорғанынан    керемет  алтын  сақина  тауып алыпты. Кітап кеміргенше соған  ілесіп  барып,   қорған  қазсаңшы. Саған да  бір  нәрсе  ілігер. Бәлкім ат  басындай  алтын  табылып  қалар.  Жұрттың  балалары  пысық  әйтеу, біздікі үйкүшік»  деп, ауылдағы  соңғы  жаңалықты  жайып  салды әрі  маған  көңілі  толмайтынын да  білдіріп  қойды.  «Мен  де  естідім.  Жұрт  айтып  жүр»  деп  әкем шайын  бір   жұтып,  басын  шайқап  қойды.

Шешемнің  «Жамбыл  қорғаны»  деп  отырғаны,   ауылдан    бес-алты  шақырым   жерде  жатқан  көне қорған. «Жамбыл»  деген  сөздің өзі   «қорған»  деген   мағына  беретін  болса  керек-ті. Жергілікті  халық  солай  дейді.  Шешемнің  «көксау  шал»  деп  отырғаны   көрші үйдегі  Мамырбек  ақсақал. Ал  алтын  сақина  тауып  алған  бала немересі,  ныспысы  – Сайлау.  Менен  бірер  жас  қана   үлкен.  Ертесінде  салып  ұрып, Сайлауға бардым. Тауып  алған  сақинасын  киізге  үйкелеп  отыр  екен. «Қарашы,  керемет  емес пе?»  деп  мақтанып  қояды. Ортасында   кішкентай  асыл тастар  салынған алтын  сақина  киізге  үйкелеген  сайын  жарқырай  түсетін  тәрізді. «Мына  Тамды  өзенінің  бойында сиыр  бағып  жүргенмін. Бұл қарасан  келгірлер   дұрыс  жайылсын  ба?  Жартысы   өзен  жағасында  қалса,  жартысы    қарыс  қадам  жердегі  көне  қорғанға  кіріп  кетеді.

Түс  әлетінде қорғанның  ішіндегі  сиырларды  қайырып, өзен  жағасына  айдап  жүргенмін. Қарсы  алдымнан   ұзындығы бір  құлаш   қарабас  жылан сумаң  етіп   кесіп  өтіп,   ши  түбіне  кіріп  жоқ  болды. Баламын  ғой, қызық көріп,   жылан кірген  шидің  түбін   құрықпен түрткілеп  жатырмын. Жылан  кірген  тесікті  біраз қопардым. Бірақ  жылан  жердің  түбіне  түсіп кеткен  бе, әйтеу  шықпады. Бірақ қопарылған  топырақпен  бірге   бір кішкене  сар  темір  жалт етіп  көрінді.  Алғашында мән  бермегенмін. Ақыры  жыланды  қайтып  шығара  алмаған  соң, әлгі темірді көтеріп  алып  қарағанмын. Сақина. Сақина  болғанда  қандай,  алтын   сақина. Бір  күні  әдейілеп барып  сол  жерді қазабасам  ба,  бәлем»  деп  Сайлау  бар  сырын  ақтарып  салды. Рас, сақина  кішкентай  болғанмен  көздің  жауын алады. Жалтырап  тұр. Әсіресе жақұт  тастары   керемет көрінеді. Қызықтым. Ақыры Сайлау екеуміз қорғанды    бірге  қазатын  болдық. Әңгіме  сонымен  тоқтаған.  Ол  кезде небәрі    алтыншы класта  оқимын. Ойын баласымын. Қорғанды қазу  мәселесі бірте-бірте  ұмтылып  қалған. Тағы  бірде Сайлау  алтын  сақинаны  жоғалтып  алғанын  айтқан. Сонымен   сақина  мәселесі  тәмәм  болған-ды.

Аңыз  не  дейді?

Содан бері арада  талай  жыл  зулап  өте  шықты. Ер  жеттік,  есейдік. Туған  жердің  әрбір  тасына   өзгеше көзбен  қарайтын  болдық. Тарихқа  деген  қызғушылық  артты. Содан  болар, сол  мәселені қозғайтын кітап-журналды   жинауды  әдетке  айналдырып  алдым. Бірде көне тарихтан   сыр  тартатын кітапты ақтарып  отырып, бір  қызықты  жайтқа    тап  болдым. «Ерте  заманда   өте  көп  қала  тұрғызған   елдер – ғұндар  мен  қаңлылар.   Ғұндар Ортос, Шан-Шань (Лобнор) , теріскей  Алатау,Турфан, Жоңағрия  сахарасы, Алтай, Тарбағатай  өлкелерінде көптеген қала  тұрғызған. Ғұндардың   үлкен  қалаларын  өз бетімен   басқаратын   жеке  ханы,  билері  болды. Тек  қана  Тарбағатай   тауының    қойын-қоншысында  ғұндардың  ондаған  қаласы   бой  көтерген.  Сол  өлкедегі  мықты  қала Аңшы (Анышы)  деп аталады. Өз  тұсында  ол шаһар  керемет  дәуірлеп  тұрды»  деп  жазылған әлгі  кітапта. Бұдан ары сол қалаға  байланысты бір аңыз өріліпті.  «Аңшы қаласын  басқарған  ханның  жалғыз  ұлы болыпты. Әкеге  қарағанда  ханзада  әлдеқайда  мейірімді, халыққа  жақын  болса керек-ті. Ғұндар  әлсін-әлсін көрші  жатқан  қытай  еліне  жиі  жорыққа  шығып, олжалы    қайтып  жүреді.  Бір  жолы ғұндардың  олжасы бір  топ  қыз-келіншек  болады.  Орталарындағы   қыпша  бел,  қиғаш  қас, көрікті  қытай  қызына  ханзада ғашық  болып  қалған  көрінеді. Содан Ханзада  шеберлерге  қызға  арнап асыл  тастармен  көмкерілген  керемет жүзік соқтыртыпты. Әрине  әке  рұқсат  берсе  үйленбек ойда  жоқ  емес. Қыз да жігітке   кет  әрі  болмаса  керек. Бірақ   қатыгез  әке  қызды  ұлына  қимай,  өзі  алмақ  болыпты. Мұндай  қорлыққа шыдамаған  бала  әкеге  қарсы  келе  алмасын біліп,  өзін  жарып  өлтіріпті.  Ал  сүйгенінің  осындай  халге душар  болғанын   көрген  қыз   ханға «Сүйгеніммен  бірге  көміңіз» деп   өтініш  жасап, өз-өзін  өлтірген. Қатыгез хан «Жалғыз  ұлым  ғой, күнде  көріп  тәу етіп  жүрейін»  деп, өзі  басқарып  отырған қаланың   бір алаңқайына  ұлын қызбен бірге жерлепті. Қыздың  қолындағы  керемет  алтын  жүзікке де  тиіспепті»  деседі, әдірәм  қалғыр  ескі  заманның ескі  аңызы. Бұл бір  деп  қойыңыз.

Екінші бір  аңызды  әкем айтып  отырушы  еді. «Кезінде Тарбағатай өңіріне аты  шыққан   атақты Мамытжан  деген сал-сері өтіпті.  Найманның Сыбан  руынан.  Ел аралап,  ән айтып, палуан  күрестіріп дүрілдеп жүрген  сері  бірде  Тарбағатайдың  бір  белесін  қоныстап  отырған  Болатшы  руының   бір қызына   ғашық  болыпты. Бұлаң өскен байдың  қызының  да  серіге көңілі  кетсе  керек.   Екеуі  сөз  байласады. Бірақ қызды  кішкене  кезінде өзгеге атастырып  қойса  керек. Сол  бар,  әрі қызын   «ұшарын  сай,  қонарын  жел»  білетін  жалғыз атты  серіге  беруге  бай келіспейді.  Сыбанның  сері  жігіті бар  жиған-тергенін  сатып, Аякөз  жақтағы  атақты  бір  шеберге  алтын  жүзік  соқтырып,  қызға  тарту  жасайды. Ақыры әке  рұқсатын бермесін  білген қос  ғашық  елден қашып  кетуге  бел  буса  керек-ті. Бірақ тағдыр  олардың  бір  болуын  жазбаған  екен. Қос  жүйрік  мінген   қос  ғашықты   байдың шаш ал  десе, бас  алатын шабармандары Ащыөзек  жотасының   етегінде  қуып  жетіп,  айқасыпты. Жалғыз атты  көпке  қалай  шамасы келсін. Қатты  тиген шоқпардан  сол  жерде жігіт   мерт  болыпты.  Мұны  көрген  қызда «жаным  сүйгеніммен  бірге»  деп  өзін кездікпен   жарыпты жіберіпті. Бай өзіне  сөз келмес  үшін, жұртқа «сері  жігітпен  қызым бізге  жеткізбей  қашып  кетті»  деп  алдаусырата  әңгіме  айтып,  махаббат  жолында  шаһид болған  қос ғашықты  Ащыөзектің  етегіндегі ел  бармайтын  көне  қорған  ішіне   жерлепті. Баяғының  шалдары  ол  қорғанды,  қос  мұңлық Мамытжан (сері  жігіт)  мен  Ақшарқат (қыз) жатқан  қорған  деп  айтып  отырушы еді. Қазір  жұрт  ол  аңызды  да  ұмытты  ғой»  деп әкем әңгімесін аяқтайтын.  Сосын  «Мамытжан   серінің   сүйгеніне  арнаған  әні»  деп  уілдеп  бір мұңды әнді  айтып  отыратын. Сол кезде, әнді  қағазға  түсіріп  алу  ойға келмепті. Қазір  бәрі  ұмтылып  қалған. Сұрай  қоятын  әке де өмірден  озып  кеткен. Бірақ екі  оқиғаның өзегінде бір  ақиқат  жатыр. Ол Ащыөзек  жотасының  етегіндегі  қорған. Бәлкім  Сайлау  тауып алған  алтын  жүзік  сол  аңыздардағы   сақина  болар-ау. Бәлкім  ғұндардың  Аңшы деп  атаған  шаһары  осы  шығар. Әйтеуір ғажайып  жүзікте   бір  сырдың  жатқаны  белгілі.

Бір  қызығы,  сол  Сайлау  90-шы жылдардың  басында  жоғалып  кетті. Әлі күнге  хабар  жоқ.  «Аруақтарды  мазалаған адам  оңбайды. Солардың  қарғысына  қалды  ол»  деп жұрт айтады. Кім білсін. Жергілікті  жұрт  ол  қорғанды Жамбыл дейді. Кейбірі Найманқала  деп атайды. Әлі  ешкім зерттемеген. Тарихы тым тереңде.  Тамды  өзенінің  бойында, «Ащыөзек»  деген  жотаның  етігінде жатыр. Кезінде  биік дуалдармен  қоршалған,  жан-жағына  ор  қазылып   сумен  толтырылған, төрт  қақпалы  үлкен қамал болғаны көрініп  тұр.

Тарихқа  үңілсек, Құлжа  сапарында   қазақтың біртуар  ұлы  Шоқан  Уәлиханов  осы  жерде болып,  қамал жайында  жазып, картаға  түсіріп  әкетіпті. 1918  жылы Үржарға  келген  сапарында Алаштың арда  ұлдары Ахмет  Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов елден естіп, арнайы осы  қорғанды келіп  көріпті. 1934  жылы Үржарда  сегіз ай тұрған Сәкен Сейфуллин де  Найманқаламен танысқан екен. Қытайдың Шәуешек қаласына  келіп қайтып  бара жатқанда  ұлы  ақынымыз  Абай да  сол Найманқалаға  соғыпты»  деген  ел арасында  әңгіме  де бар. Демек  қазақтың  бір  туар  ұлдары  қызыққан  қала  жай  ғана  қорған  болмаса  керек-ті.

Рас,  шаһардың  қай  ғасырға жататынын ешкім тап басып  айта  алмайды.  «Біздің қасқабас  ғалымдарымыз бен   жер  қазғыштармыз (археологтар  дегені) айналып  келіп Отырар мен Сауранды  қаза  береді. Зерттей  береді. Бұл Тарбағатай  маңына  аттап  басқандарын  көрмеппін. Бүкіл  түркі  тарихы  осы  жерде  тұнып  жатқан  жоқ па? Әрі-беріден  соң адамзаттың  өркениетті осы Алтай  мен Тарбағатайда  өркендеген  жоқ па?»   деп   кейде  шай  үстінде   әкем  күңкілдеп отыратын. Содан  бері  қанша  уақыт  өтті. Шындығы  сол,  әлі  күнге Найманқаланы біреу  келіп  зерттепті  дегенді  мен де  естіген  жоқпын.                                                                                                                  Ащыөзек жотасының  етегінде   сағымға  көміліп  көне  қорған жатыр. Сар  даланың аңзақ  желімен  қорғанды  басып  қалған  ши біткен ән  салады. Ызыңдап  сонау көне  заманнан   сыр  шертеді…

/tazael.kz