НАТО Иранды британдық танкерді босатуға шақырды

НАТО арнайы мәлімдеме жасап, Иранның Ормуз бұғазында екі коммерциялық кемені басып алуын айыптады. Одақ Тегеранды экипаж мүшелерін босатуға шақырды.

Иран ұстаған екі кеменің бірінде британ туы ілінген. Ұлыбритания бұған жауап ретінде Иранға санкция пакетін әзірлеп жатыр. Лондон Еуроодақ пен БҰҰ-дан да Тегеранға қарсы шектеу енгізуін сұрамақ. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында Лондон бұл әрекетті “елдің ішкі ісіне араласу” деп атаған.

19 шілдеде Иран әскерилері Ормуз бұғазында екі британдық кемені басып алған еді. Либерия туы ілінген екі кеменің бірін кейінірек босатқан. Ал Ұлыбритания туы ілінген, бортында 23 адам болған танкер Бендер-Аббас портында қалған.

Иран билігі танкердің халықаралық теңізге байланысты ережелерді бұзғанын айтып, кемені сол үшін ұстағанын айтқан.

Бұған дейін АҚШ пен Сауд Арабиясы Тегеранды Оман және Парсы шығанағында танкерлерге шабуыл жасады деп айыптағаннан кейін Иран жағалауындағы жағдай ушыға бастаған. Шілде айында бірқатар елдер Парсы шығанағындағы танкерлерді басып алуға тырысты деп Тегеранды айыптаған еді. Иран барлық айыптарды жоққа шығарады.