«Нұр-Сұлтан – Прага – Нұр-Сұлтан» бағытында жаңа әуе рейсі ашылды

Бүгін «Нұр-Сұлтан – Прага – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша тұрақты әуе рейсінің тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Фейсбуктегі ресми парақшасында.

«2019 жылдың 2 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Қазақстан мен Чехия астаналары Нұр-Сұлтан және Прага қалалары арасында «Boeing 737» ұшағымен аптасына 2 рет тұрақты рейстерді орындайтын болады. Бұл рейстің ашылуы маршруттық желілерді дамытуға ықпал етіп, туризмді дамытуға және екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға үлес қосады» делінген хабарламада.

Жыл басынан бері Жуковский-Қарағанды, Жуковский-Көкшетау, Жуковский-Петропавл (ИрАэро), Алматы-Баку (AZAL авиакомпаниясы) бағыттарында жаңа халықаралық бағыттар ашылды. Сонымен қатар, 2 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы «Нұр-Сұлтан – Ұланбатыр – Нұр-Сұлтан» бағытындағы тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, жыл аяғына дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұр-Сұлтан-Токио» тікелей рейсін ашу жоспарланып отыр.

inform.kz