Оны бекер босаттық. Әблязовқа сенуге болмайды – Бас прокуратура

Қазақстанның Бас прокуратурасы Мұхтар Әблязовке сеніп жүрген барлық азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

– БТА Банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты білмейтін адам жоқ қазір. Соңғы кездері ол өзі әлеуметтік желілерде белсенді болып жүр. Әблязов деген кім? 90-шы жылдардың аяғында энергетика министрі болды. 99-шы жылы ұрлығы мен теріс қылықтары үшін бұл қызметінен босатылды. 2002 жылы шілдеде сот Әблязовты бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бір жылдан кейін ол кешірім сұрау туралы өтініш берді. Ел президенті оның істеген тірлігім үшін өкінемін дегеніне сеніп, оны босатып жіберді. Бірақ Әблязовтің өкінген түгі де жоқ екен, жаздым-жаңылдым дегені өтірік боп шықты, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов.

Оның сөзінше, Әблязов өзінің қылмыстық жолын жалғастырды. Алдымен өзінің серіктесін өлтіріп, банкті басып алды. Одан миллиардтаған доллар ұрлап, ол ақшаны шетелге шығарып алып кетті.

– Мен оның аса ауыр қылмыстарын еске салайын. 2005 жылы Аблязов өзінің бизнес-серіктесі, БТА банкінің төрағасы Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды. Тапсырысты орындаушы Тоқмәди өзін 4 млн доллар үшін Тәтішевті өлтіруге Әблязов көндіргенін ашық айтты. Ол қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі айтып берді, Әблязовтың жоспары бойынша, Тәтішевтің өлімі аңшылық кезіндегі оқыс оқиға сияқты көрінуі тиіс болған. Банкті иемденгеннен кейін, 2006-2009 жылдары Әблязов ақша жымқырудың трансұлттық схемасын жасады. 2008 жылы, ұрлықтың қызған тұсында БТА банкте: – 226 мың азаматтың атындағы 238 млрд теңгенің депозиті; – 44 мың ШОБ өкілдерінің 397 млрд теңгелік салымы; – 1 миллионнан астам азаматтың 21 млрд теңгелік жалақысы; мемлекеттік компаниялардың 300 миллиард теңгелік депозиттері болды. Оған қоса, тоғыз зейнетақы қорының 11 миллиард теңгесі болға. Бұл халықтың өз болашағына жиған-терген зейнетақысы еді. Бұл ақша БТА-ның меншігі емес еді, Әблязовтың жеке мүлкі емес еді. Бұл бөтен адамдардың ақшасы болатын, оны банк қарызға алған және оны өтеуге мәжбүр болған. Бірақ Әблязов бәрін өзі иемденіп кетті. Келтірілген шығын 7,5 миллиард доллардан асады, деді Нұрпейісов.

Ол ұрлық схемаларының әртүрлі болғанын айтты.

– Қайтарылмайтын алдын ала біле тұра, бірнеше миллион долларлық несиелер беріліп, әртүрлі жылжымайтын мүлік, мұнай жабдықтары, азық-түлік сатып алу туралы жалған келісімдер жасалды. Ұрланған ақша Ұлыбританиядан, Франциядан, Бельгиядан, Швейцариядан, АҚШ-тан және басқа елдерден қымбат жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы оффшорлық жолмен тазартылды. Мәселен, 2008 жылы Әблязов өзінің “Грантон Трэйд ЭлТД” фирмасына 44 миллиард теңге немесе 370 миллион доллар берген. Кепіл ретінде еш жерде жоқ мұнай-газ жабдықтары ұсынылды. Нәтижесінде несие өтелмеді. Осындай жүздеген схемалар болды. Мұндай схемалар бізде ғана емес, басқа елдерде де қолданылды. Ол Ресей мен Украинада да миллиардтаған ақша ұрлап, іздеуге жарияланды. Қылмыстық іс аясында 8 сот үкімі шығарылды. 42 адам сотталды. Оның серіктестері шетелден өз еркімен оралды. Олардың арасында Жарымбетов, Жүнісова, Садықов, Мәмеш және басқалар да тұлғалар бар. Олар Әблязовке және оның қылмыстық схемаларына қарсы айғақтар берді. Бүгінде ол миллиард доллардан асатын активтер қайтарылды, – деді ол.

Қазақстан тарапы әрине, Әблязовты қудалауын тоқтатпайды.

– Әблязов мұны түсінеді және қатты қорқады. Ол өзін саяси құрбан етіп көрсетіп, саяси себептермен қудалауда жүрмін деп келеді. Бірақ оның ісінде ешқандай саясат жоқ. Биыл шілдеде Нью-Йорк соты Әблязовты өтірік айтқаны үшін айыптап, саяси қудалау туралы уәждерін қабылдамады. Оның алдында Лондон соты оны алаяқ деп танып, жалған дәлелдер ұсынғаны үшін 22 айға бас бостандығынан айырып, 4 миллиард долларын тәркілеп алды. Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі оны босқын мәртебесінен айырған. Сондықтан Әблязов Францияға қашып кетті және шетелде отырып алып, біздің азаматтарымызды алдап жүр. Менің Әблязовқа сенетін адамдарға айтарым, Әблязовке сенбеу керек. Оның заңсыз наразылық акцияларына ермеу керек. Ақша төлесе – ол біздің азаматтарымыздан ұрланған ақша. Әблязов пен оның жақтастары – сотпен тыйым салынған “ДВК” экстремистік ұйымының белсенділері қарапайым адамдарды алдап, оларды әдейі қылмысқа баруға арандатуда. Өзі болса Францияда тығылып отыр, әрі Қазақстанда және басқа елдерде ұрланған ақшаға өмір сүріп жүр. Құрметті отандастар, мен осы платформаны пайдалана отырып, сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, тыйым салынған ұйымдардың заңсыз әрекеттері мен қызметіне қатыспауға шақырамын. Біз әрқашан да мемлекетіміздің ұлтаралық келісімі мен бауырластығы сияқты жетістіктерін бағалай білуіміз керек. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық сіздің санаңызға байланысты, – деп қорытындылады Сапарбек Нұрпейісов.