Павлодар облысының жаңа әкімі қала атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді

Павлодар облысының жаңа әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Өңір басшысы журналистермен өткен кездесуде қалада шешімін таппай жатқан басқа да маңызды мәселелердің бар екенін айтты.

“Күн тәртібінде қала атауын өзгерту мәселесі тұр. Павлодар атауын өзгертуден бірден барлық мәселе шешіліп кетсе ғой. Мұнда шығын мәселесі бар, тақтайшаларды, барлық құжатты ауыстыру қажет болады. Жұмыс көп, мемлекеттік мекемелердің де жұмысы көбейеді. Бұл тек бір проблема. Бірақ, меніңше, біз мұны маңызды деп, № 1 проблема деп қарамауымыз қажет. Бұл менің пікірім. Барлық күшімізді және ресурсымызды облыс тұрғындарының өзекті проблемаларына жұмсайық”, – деді Сқақов.