Плагиат дауына іліккен вице-министр Фатима Жақыпова қызметінен босатылатын болды

ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан ҚР Білім вице-министрі Фатима Жақыпованың қызметінен босату үшін нақты шаралар келісіліп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

“Білім және ғылым вице-министрі Жақыпова басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылады. Қазіргі уақытта осы лауазымды тұлға басқа жұмысқа ауысуына байланысты заңнамаға сәйкес атқарып отырған қызметінен босату бойынша келісу рәсімі жүргізілуде”, – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Айта кетсек, 7 қараша күні Сенатта сенатор Еділ Мамытбеков Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованы отставкаға жіберуді талап еткен болатын. Ол плагиаты екі бет дәлелденген Жақыпованың мекемесі бүгіндері үн-түнсіз отыруы барып тұрған бассыздық деп айтқан.

Бұған дейін министрлік қызметкері Жақыпованың диссертациясы плагиаттық тексеруден өтпейді, оған ғылыми дәреже заңсыз берілген деп айыптаған.

Плагиатқа қарсы ресейлік компания ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың диссертациясы маңындағы дауға араласып, өз зерттеулерінің нәтижесін жариялады. Нәтижесінде диссертация мәтінінің кем дегенде 52 проценті, яғни Ресей мемлекеттік кітапханасындағы мақалалар мен диссертациялар жиынтығынан алынған көшірме екенін растады.