“Победа” шыңында жоғалған альпинистерді іздеу тоқтатылды

Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы Какшаал-Тоо жотасында орналасқан “Победа” шыңында жоғалған қазақстандық екі альпинист Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздестіру жұмыстары тоқтатылды.

Бұл туралы альпинистерді іздеу-құтқару операциясына жетекшілік еткен Василий Пивцов жұма, 23 тамыз күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның сөзінше, құтқару тобы осыған дейін өздері барған тау аймағынан альпинистердің ізін таба алмаған, арнайы құралмен (тепловизор) іздеу де нәтижесіз аяқталған. Бұған қоса ауа райының қолайсыздығы да іздеу жұмыстарына қиындық келтірді деді ол.

Баспасөз мәслихатына келгендердің арасында жоғалған альпинист Мұрат Өтепбаевтың әйелі Шахаризада Шахбутова да болды. Ол құтқарушыларға “қолдан келгеннің барлығын жасағаны” үшін алғыс айтты.

Биіктігі 7439 метр “Победа” шыңына шығуды жоспарлаған қазақстандық альпинистер Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев пен Александр Чечулиннің қар құрсауында қалғаны туралы хабар 15 тамызда түскен. Қазақстанның төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, үшеуі 6,6 метр биіктікке көтеріліп, кейін түсе алмай қалған болуы ықтимал. 15 тамызда байланысқа шыққан Өтепбаев пен Корнеев Александр Чечулиннің қаза тапқанын хабарлаған.

Альпинистердің туыстары 18 тамызда Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінен жәрдем сұраған. Жоғалған альпинистерді іздеуге тікұшақ жіберіліп, құтқару операциясына Қазақстанның төтенше жағдайлар комитеті мен қорғаныс министрлігі атсалысқан.

Жоғалғандарды іздеу операциясы нәтиже бермеген соң, 21 тамызда әскери альпинистер кері қайтқан.