Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге тапсырма берді – Ел жаңалықтары

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың, премьер-министрдің орынбасарлары Жеңіс Қасымбек пен Гүлшара Әбдіхалықованың, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың есептері тыңдалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

“Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру”, – деді Қазақстан Президенті.

Басқосу соңында Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне тапсырылды.



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz