Қазақстанда енді бейбіт жиындар мен шерулер қалай өтеді – вице-минстр

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин елімізде қабылданған бейбіт жиналыстар туралы заңның ерекшелігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бұған дейін хабарлағанымыздай, бейбіт жиналыстар мен митингілерді, пикеттерді өткізуде тек хабарландыру тәртібі енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта ұйымдастырушы 5 күн бұрын ғана жергілікті билікке бейбіт жиналыс өткізетіні туралы хабарласа болды. Бейбіт жиынды өткізуде әкімдіктің келісімі талап етілмейді. Жергілікті атқарушы орган хабарламаны алғаннан кейін бейбіт жиналысты өткізуге көмек көрсетеді. Егер бейбіт жиналысты өткізу мақсаты заңға қайшы келсе, әкімдік үш жұмыс күні ішінде оны өткізуден бас тартуы мүмкін. Бірақ бас тартудың нақты негізі болуы тиіс», – деді Данияр Есин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Қалған жағдайда әкімдік ұйымдастырушыға бейбіт жиналыс өткізудің басқа да жағдайын жасауы, оны өткізгізбей қоймауы керек. «Демонстрация немесе шеру өткізу үшін хабарландырудың басқа формасы – келісім алу үшін өтінім беру керек. Демонстрация немесе шеру өткізуге келісім алу үшін 10 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Өтінім 7 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтінімнің басты ерекшелігі – онда қатысушылар жүріп өтетін бағдар, жолдың басы мен аяғы, ұзақтығы, көлік құралдарын пайдалану туралы мәлімет көрсетілуі керек. Сонымен қатар заң бойынша бейбіт жиналыстарды өткізудің баламалы орындарын міндетті түрде ұсыну құқығы да қарастырылған. Мұндай өтінімдердің ұзақ қаралуы – көшелерді жабу, шараға қатысы жоқ азаматтар мен бизнеске белгілі бір кедергілерді келтіру ықтималдығына байланысты», – деді Данияр Есин.