Қазақстанда пандемия басынан бері 12,8 миллиард теңгеге дәрілер келген

СК-Фармация” ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев онлайн-блифингте КВИ жұқтырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің тапшылығын жою бойынша қабылдаған шаралар туралы айтып берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ең алдымен қысқа мерзімде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін жедел шешуге көмектесетін шұғыл шаралар кешені жасалған екен:

“КВИ емдеу үшін дәрілік заттардың айлық қорын 2,6 миллиард теңгеге жөнелту.

40 мың пациент үшін 8,7 миллиард теңге сомасына қосымша мөлшерде сатып алу.

24 миллиард теңге сомасына 100 мың пациентті емдеуге арналған дәрілік заттар бойынша 2 айлық резерв қалыптастыру.

Сұранысқа ие препараттарды бөлшек саудада өткізу”, – деді Ерхат Есқалиев.

Айтуынша, компанияның логистикалық процестерін жаңғырту жүргізілген. Жағдайды өзгерту үшін логистикалық формат статикалық форматтан динамикалық форматқа өзгертілді.

Ол КВИ бойынша жедел жағдай кезеңінде барлық дәрілік заттар медициналық ұйымдарға жіберілетінін хабарлады. Дәрілік заттарды есептеуді жеделдету үшін қойма қызметкерлерінің саны артқан және дәрі-дәрмектерді жеткізуді жеделдету үшін авиакомпаниялармен келісім жасалған.

Ерхат Есқалиев ауруханаларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету бойынша жасалған шараларды айтты.

“Жұқпалы аурулар ауруханаларына (189 аурухана) және провизорлық орталықтарға (330 орталық) COVID-19 емдеу үшін клиникалық хаттамаға енгізілген препараттардың 91 атауы жөнелтіледі.

Коронавирустық инфекция пайда болған сәттен бастап 12,8 миллиард теңге сомасына дәрілік препараттар жөнелтілді.

Шілде айының басынан бастап ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесін шұғыл шешу үшін жоспардан тыс 2,6 миллиард теңге сомаға айлық резерв жөнелтілді”, – деді ол.