Қазақстандық фильм Халықаралық кинофестивальде бас жүлдені иеленді

ХV Еуразия Халықаралық кинофестивалінде Фархат Шәріповтің  “Тұлғалық өсу тренингі” көркем фильмі бас жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі

“Қазақфильм” АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   2019 жылдың 30 маусым 06 шілде аралығында өткен ХV Еуразия Халықаралық кинофестивалінде режиссер Фархат Шәріповтің  “Тұлғалық өсу тренингі” көркем фильмі Бас жүлдеге ие болды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясында түсірілген. Фильм сценарийі Данияр Сүгіралиновтың “Кирпичи 2.0” романы желісінде жазылған.  “Тұлғалық өсу тренингі” фильмі  қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері Қанат (Дулыға Ақмолда) туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің (Әнуар Нұрпейісов) өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды (Ержан Тусупов) кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуірінде “41-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде”  Гран-приге ие болды.  “Үздік фильм” номинациясындағы “Алтын Георгийді”  Ф.Шәріповке  халықаралық қазылар алқасының төрағасы – танымал корейлік режиссер Ким Ки Дук табыстады. Картина 4 шілдеден бастап ресейлік прокатта, ал ақпан айында қазақстандық прокатта болды. Фильмінің әлемдік тұсаукесері 23-ші Пусан Халықаралық кинофестивалінің “Азиаттық кино терезесі” бағдарламасында өткен. Сонымен қатар, өткен жылы картина 14-ші Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының Арнайы жүлдесі мен NETPAC  жүлдесіне ие болды.

Kaz.tengrinews.kz