Қордайдағы қақтығыс: 5 адам ұсталды

 

Қордайдағы қақтығыс бойынша бес адам ұсталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев айтты.

“Қордайдағы жағдай бойынша бес адам ұсталды. Екеуі бұзақылық жасап, ересек адамды ұрып-соққаны үшін және полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін ұсталды. Бұл туралы БАҚ-тарда жазылды. Ал өрт шығарып, адам өлтіру деректері бойынша тергеу жүріп жатыр. Әлі ешкімді ұстаған жоқпыз. Себебі онда іс материалдары көп”, – деді ол.

Оның айтуынша, күдіктілердің барлығы ұсталған жоқ.

“Видеоматериалдарды қарап жатырмыз, содан кейін ғана шешім қабылданады”, – деді Дембаев.Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған болатын.