Қордайдағы қақтығыс: Полиция 11 кісі өліміне қатысты істі тергеп жатыр

Қордай ауданындағы қақтығыстан соң полицейлер 120-дан аса қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Қазіргі уақытта Қордайдағы жағдай бойынша біз 120-дан аса қылмыстық істі тергеп жатырмыз. Бас прокуратура тергеу жұмыстарын басқарып жатыр. Өкінішке қарай, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша тергеуге қатысты мәлімет айта алмаймыз, сондай-ақ, қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қанша адамның қамауда екенін де айта алмаймыз”, – деді Санжар Әділов.

ІІМ өкілі бірнеше адамның қамауда екенін айтып өтті.

“Қазір Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша 11 қылмыстық іс жүріп жатыр”, – деді Әділов.

Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған болатын.