«Қорғас» халықаралық орталығының жұмысы тоқтатылды

Алматы облысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында қосымша шаралар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының тіркелуі лабораториялық зерттеумен расталуына байланысты және облыс аумағында ол вирустың таралуына жол бермеу мақсатында Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов «Алматы облысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы» қаулы қабылдады», – деп хабарлайды облыс әкімдігінен. Аталған қаулы елдің тиісті заңнамасына сәйкес және Денсаулық сақтау министрі мен Алматы облысының әкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының тіркелуі мен таралуы кезіндегі әрекет алгоритміне» сай қабылданғаны хабарланып отыр. «Қаулыда 15 наурыздан бастап облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ерекше өкімі шыққанға дейін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысын тоқтату туралы айтылады. Сонымен қатар қаулыға сәйкес өндірістің барлық нысанында санитарлық-дезинфекциялық режім күшейтіледі. Халық көп әрі ұзағынан жиналатын ғимараттарда қолды жууға арналған дезинфекциялық құрылғылармен бірге арнайы құрылғылар (санитайзерлер) орнатылады», – деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.