Қырғызстанға қашып кеткен “ЕSTATE Ломбард” директоры ұсталды

Қазақстан полициясының сұратуы бойынша Қырғыз Республикасында “ЕЅТАТЕ Ломбард” ЖШС директоры Әсет Ысқақов ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдікті биыл ақпан айында шекарадан өтіп, Бішкекте жасырынып жүрген.

“Қазақстандық және Қырғыз полицейлерінің өзара іс-қимылының нәтижесінде іздеуде жүрген Ысқақов көрші елде ұсталып, Бішкек қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қырғыз Республикасының құзыретті органдарына оны Қазақстанға экстрадициялауға материалдар жіберілді”, – делінген хабарламада.

Осылайша, елден қашып кеткен барлық үш компанияның басшылары бүгінгі таңда қамауда. Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде полиция жалпы алғанда 17 күдіктіні ұстады. Ішкі істер органдары “Гарант 24 Ломбард” ЖШС, “ЕЅТАТЕ Ломбард” ЖШС және “Выгодный займ” ЖШС-нің қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бұған дейін, 27 ақпанда Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша Молдова Республикасының Кишинев қаласында тәртіп сақшылары “Гарант 24 Ломбард” ЖШС құрылтайшысы Аслан Мырзабековті қолға түсірген. 28 ақпанда Қазақстан мен Ресей шекарасында “Выгодный займ” ЖШС құрылтайшысы Жанболат Есіркепов ұсталды.