Қытай, Иран және Корея азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады

Коронавирусқа байланысты Қытай, Иран және Оңтүстік Корея азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан – Сеул, Алматы – Сеул бағытындағы рейстер қысқарды, аптасына үш рейс қана орындалды. Енді 8 наурыздан бастап Оңтүстік Корея және бірінші категориядағы елдердің азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынады”, – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев брифингте.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда 992 адамның карантинге жатқызылғаны хабарланған болатын. “Қазақстанда 992 адам оқшауланып, карантинге жатқызылды. 8 мыңға жуық адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Олардың ішінде Қазақстан азаматтары мен шетелдік азаматтар бар. Вирустың белгілері байқалған жағдайда олар бірден ауруханаға жатқызылады”, – деген еді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.