Қытайда бір тәулікте коронавирустан 64 адам қайтыс болды

Қытайдың Хубей провинциясында жаңа коронавирустан қаза тапқандардың саны 414-ке жетті, ал жұқтырғандардың саны – 13 522, – деп хабарлайды РИА Новости.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 3 ақпанда 64 адамның қайтыс болғаны және ауру жұқтырудың 2 345 жағдайы тіркелген. Хабарламаға сенсек, жұқтырудың 1 242 дерегі дерттің ошағы Ухан қаласында тіркелген.

4 ақпандағы 00.00 бойынша (Нұр-Сұлтан қаласы уақыты бойынша сағат 22.00, 3 ақпан) 396 хубейлік коронавирустан емделген.

Еске салайық, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Ухан қаласында белгісіз дерттің таралғанын хабарлаған. Мамандар аурудың қоздырғышын анықтаған – 2019-nCoV жаңа коронавирусы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жағдайды халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп таныды.