Ресейде полиция қазақстандық екі қызды зорлады – СІМ түсініктеме берді

Ресейде полицейлердің қазақстандық екі қызды зорлады деген ақпаратқа қатысты ҚР СІМ түсініктеме берді, – деп хабарлайды Zakon.kz.

– Қазан қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы Ресей ІІМ-нің Свердлов облысы бойынша бас басқармасына қылмыс туралы жазбаша ақпарат беруді сұрап, хат жолдады. Ал зардап шегушілердің өзі консулдықтың көмегіне жүгінбеген. Сондықтан олардың Қазақстан Республикасының азаматы екенін растап немесе жоққа шығару әлі мүмкін болмауда, – дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстандық қыздардың зорланғандығы туралы ақпарат, ең бірінші болып ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Ондағы деректерге сүйенсек, қылмыс 18 тамызға қараған түні, яғни жексенбі күні автотұрақтардың қалтарысындағы қараусыз жерде орын алған. Кеш қарая саунадан шыққан қыздарды полиция тоқтатқан. Оларды тоқтатқан себебі де белгісіз. Интернет басылымдардың болжамынша, қыздар тән саудасымен айналысқан, Қазақстанның тумасы болып табылатын оларда Ресей азаматтығы жоқ болған.

Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, полиция қыздарды көлікке отырғызып, оларды сол арада зорлаған. Осы қылмыс үстінде әріптестерін Ресей ІІМ-нің Свердлов облысы бойынша Бас басқармасының ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері ұстаған. Тергеушілер күдіктілерді қамауға алу туралы Екатеринбургтің Ленин аудандық сотына шағым жолдаған.