Ресейде қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Ресейде қазақ жауынгерінің сүйегі табылды. Бұл туралы Қазақстанның РФ-дағы елшілігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ресейдің «Наше наследие» іздестіру бірлестігі қазақ жауынгерінің сүйегін тапты. Ол 1916 жылы туған Уахит Қайырханов екен. Марқұмның туыстарын анықтауға Ертіс өңірінің «Панфиловшылар» іздеу жасағы қол ұшын берді», – делінген ақпаратта. Белгілігі болғандай, Уахит Қайырханов майданға Павлодар облысынан алынған. Қаза болғаны жайында 1942 жылы қаралы қағаз келген. Бірақ нақты қай жерде жерленгені туралы мәлімет болмаған. Небәрі 25 жасында мерт болған жауынгердің артында қалған жалғыз ұлы Зейнолла Уахитов та өмірден өткен. Келіні Айсұлу Уахитова жолдасы өмірден өткенше әкесін көруді аңсап өткенін өкінішпен еске алады. «Сүйегін жеткізе алсақ ұлының жанына арулап жерлейтін едік», – дейді ол. «Сол әкесін тоса-тоса өзі де кетті жарты жыл болды. Бірлеу табылыпты дегенде өзі жылап отыратын. 25 жасында қайран кеткен әкем келмеді-ау деп. Енді мінекей тағдыр. 77 жылдан кейін жоғалған әкесі ұлының жанында жатса, бұл ғажап. Мұндай оқиға бола ма? Болмай ма? Соған таңым бар менің», – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айсұлу Уахитова.  «Панфиловшылар» іздеу жасағы осы бағыттағы жұмысты жалғастырады. Екі күннен кейін Халықаралық еске алу жорығына қатысу үшін Тверь облысына жолға шыққалы отырмыз. Ол 1941 жылы Қазақстанда құрылған 100 және 101-дивизиясы ұрысқа қатысып, жеке құрамының 75 процентін жоғалтқан тарихи жер», – деді Павлодардың «Панфиловшылар» іздеу жасағының жетекшісі Бақытжан Өтепов.

inform.kz