Саясаткер Камал Бұрханов дүниеден озды

Мемлекет және қоғам қайраткері Камал Бұрханов дүниеден озды, деп хабарлайды zakon.kz.

Қаралы хабарды сенатор Мұрат Бақтиярұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.

“Жалған өмір-ай… ҰСТАЗЫМ, ДОСЫМ, ӘРІПТЕСІМ КАМАЛ БҰРХАНОВ дүниеден озыпты. Соңғы екі жыл төсек тартып жатып калған еді. Мағрипа жеңгем колдан келгенше барлығын жасады. Амал нешік, бәрі бір жаратқанның қолында. Бақұл бол, адал дос. Жаның жәннатта болғай, Камал аға!” деп жазды саясаткер.

Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Низамұлы 1954 жылы 3 наурызда Ташкент облысы, Шұралысай ауылында дүниеге келген. Ташкент университетін (1977), Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін (2003) бітірген.

1977 – 78 жылдары Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ғылыми қызметкер;

1978 – 79 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында аға лаборант;

1979 – 2002 жылдары ҚазМУ-де (қазіргі ҚазҰУ) аға лаборант, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, деканның орынбасары, тарих факультетінің саяси тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, философия және саясаттану факультетінің деканы, саясаттану кафедрасының меңгерушісі болып істеді.

2002 – 04 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰПУ) заң факультетінің деканы;

2004 – 06 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы маман;

2006 – 07 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметтерін атқарды.

2007 жылдан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Бұрханов қазіргі заманғы Қазақстан тарихы және саясаттану ғылымы бойынша республикадағы жетекші мамандардың бірі;

2007-2011 жылдары – ҚР IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі;

2012 жылғы қаңтардан бастап 2016 жылдың қаңтарына дейін – V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. “Нұр Отан” ХДП партиялық тізімі бойынша сайланған.

40 астам ғылыми жұмыстардың, кітаптардың, мақалалар мен оқу құралдарының авторы. Бірнеше медальдармен марапатталған.