Салық төлемей жүрген танымал тұлғалардың аты-жөні жарияланады

2019 жылдың 1 қазанында жеке тұлғалардың мүлік салығы мен жер салығын (мүлік салығы) төлеу мерзімі аяқталады. 2019 жылғы 1 қазаннан бастап мүлік салығын төлемеген адамдардың тізімі БАҚ-та жарияланады. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бірінші кезекте сомасы 50 мың теңгеден асатын салық төлемеген адамдардың тізімі жарияланады, екінші кезекте берешегі 20 мың теңгеден жоғары және т.б. Салық заңнамасына сәйкес, салық органдары бұқаралық ақпарат құралдарында салық берешегі бар салық төлеушілердің тізімін жариялайды. Масқара тізімде тегі, аты, әкесінің аты және салық қарызының жалпы сомасы көрсетілмек, деп хабарлады мемлекеттік кірістер департаменті.

Сондай-ақ, тізімде Қазақстанның танымал тұлғалары бар екені айтылады.

– Салық төлеуден жалтаруға байланысты жайсыз жағдайға тап болмау үшін жақын күндері мүлік салығын төлеуге шақырамыз, – деп ескертті департамент өкілдері.